Жұма, 22 наурыз күні кешке Мәскеу түбіндегі Красногорск қаласында орналасқан "Крокус Сити холл" концерт залында қаруланған белгісіз біреулер адамдарға оқ жаудырған. Жедел хроникаға маманданған 112 каналы өз дереккөзіне сілтеп, ондаған адам мерт болғанын, 100-ден астам адамның жарақат алғанын хабарлады. Қаза болғандар саны артуы мүмкін.
Атыс "Пикник" рок-тобының концертінің алдында басталған. Жергілікті БАҚ ғимаратта жарылыс болып, өрт тұтанғанын хабарлап жатыр.
Мәскеу мэрі Сергей Собянин телеграм-каналында қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтатынын мәлімдеді.
Ресейдегі әлеуметтік желілерде жарияланып жатқан видеолардан автомат атысы естіледі.
Shot телеграм-каналының дереккөзі оқ атушылардың саны бесеу деп хабарлады.
Азаттық радиосы Орыс қызметінің хабарлауынша:
- "Пикник" тобының концерті кешкі 8.00 уақытына белгіленген. Топтың концерт директоры музыканттардың жапа шекпегенін айтқан. Концертке 6200-ге дейін билет сатылған болуы мүмкін.
- Оқиға орнынан түсірілген видеоларда қаруланған кемі бес адамды байқауға болады. Олардың кім екені, нені көздейтіні әлі белгісіз. Олар қолына автомат алған. Ресейде бұл қару еркін сатылмайды. Ресей күш құрылымдары мен сыртқы істер министрлігі оқиғаны теракт деп атап отыр.
- Оқиға орнына өрт сөндіру қызметтері келген, кемі 50 жедел жәрдем көлігі мен өрт сөндіргіш тікұшақтар жіберілген. Ғимараттың шатыры қирап жатыр. Арнайы жасақ келмегенше өрт сөндіру жұмыстары жүргізілмегені хабарланды. Куәгерлердің айтуынша, арнайы жасақ ғимарат ішінде атысып жатыр.
- 7 наурыз күні АҚШ елшілігі Ресейде жүрген азаматтарына алдағы күндері Мәскеуде ірі теракт болуы мүмкін екенін, адам көп жиналатын жерлерге бармау қажетін ескертті. Елшілік сондай-ақ Ресейге сапарламай тұруға шақырды. Ресей сыртқы істер министрлігі Мәскеу Батыс барлау қызметтерінен мұндай хабар алмағанын мәлімдеді. Ресей федералды қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) жиынында сөз сөйлеген Ресей президенті Владимир Путин мұны "бопсалау" деп атаған.
7 наурызда Ресей ақпарат құралдары ФСБ " Мәскеудегі синагогалардың біріне қарулы шабуыл жасауды жоспарлаған "Ислам мемлекеті" террор ұйымының (Қазақстанда тыйым салынған ұйым – ред.) Ауғанстандағы "Хорасан уәлаяты" атты бөлімшесінің мүшелері өлтірілгені" жөнінде хабар таратты. Кейінірек ресейлік ASTRA телеграм-арнасы ФСБ Калуга облысында Қазақстанның екі азаматы – Сәбит Әшірәлиев пен Жәнібек Тасқұловты өлтірген деген ақпарат жариялады. Онда Қазақстан азаматтары Ресей аумағына 28 ақпан күні барған деп көрсетілген. Сол күні Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ресейде екі қазақстандық қаза тапқанын растады.