Тергеу комитеті: "Крокус сити холдағы" терактіден қаза болғандар 115-ке жетті

"Крокус сити холл" құрбандарына арналған көше бұрышындағы мемориал. 23 наурыз 2024 жыл.

Мәскеу түбіндегі "Крокус сити холда" болған терактіден қаза болғандар 115 адамға жетті. Бұл жөнінде Ресей тергеу комитеті хабарлады. Ведомствоның алдын ала мәліметі бойынша, адамдардың бір бөлігі оққа ұшқан, бір бөлігі өрт кезінде уланған.

Тергеу комитеті сонымен бірге Брянск облысында "теракт жасады" деген күдікпен төрт адам ұсталғанын хабарлады. Бұған дейін күдіктілер ұсталғанын ФСБ жетекшісі Александр Бортников Владимир Путинге баяндаған.

Комитет өкілдерінің хабарлауынша, "концерт залын тексеру, айғақ заттарды тәркілеу жұмыстары жүріп жатыр, бақылау камераларындағы жазбалар қаралып, жәбірленушілермен жұмыс жүріп жатыр".

"Террористер шабуыл кезінде автомат пайдаланған, оқ-дәрімен бірге оларды тергеушілер анықтап тәркіледі" деп жазылған баспасөз хабарламасында.

Қаза болғандардың тізімін денсаулық сақтау министрлігі жариялап жатыр. Ведомство бұған қоса жәбірленушілердің де тізімін жариялады.

Мәскеу мэрі Сергей Собянин жәбірленушілерге 500 мың - 3 млн рубль аралығында өтемақы берілетінін мәлімдеді. Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьёв теракт кезінде балаларынан айырылған ата-аналарға ай сайын жәрдемақы төленетінін айтты. Мәскеу мен Мәскеу облысының билігі жерлеу шығынын мойнына алады.

22 наурызда кешке камуфляж киген бірнеше адам концерт залдың ішінде жұртқа оқ жаудырған, ізінше ғимаратта жарылыс болып, өрт шықты. "Крокус сити холдағы" қанды оқиға – 2004 жылы 300-ден астам адам қаза болған Бесландағы мектепке шабуылдан бергі ең ірі шабуыл.