"Крокус сити холда" қаза болғандар 133 адамға жетті

Мәскеу түбіндегі "Крокус сити холдағы" терактіден қаза болғандар 133 адамға жетті. Бұл жөнінде Ресей тергеу комитеті хабарлады. Ведомство өкілдерінің айтуынша, қаза болғандар артуы мүмкін. Бұған дейін 115 адам мерт болғаны хабарланған.

Әзірге толық емес мәлімет бойынша, адамдар оққа ұшқан, біраз бөлігі өрт кезінде уланып өлген.

Мәскеу облысының денсаулық сақтау басқарма өкілдері қаза болғандардың тізімін жариялады. Онда 40-тан астам адамның аты-жөні, туған жылы жазылған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 140-тан астам адам зардап шеккен. Ақпарат құралдары 180-тан астам адам зардап шеккенін жазды, бірақ ақпарат ресми түрде расталмады.

Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі теракт ісі бойынша 11 адам ұсталғанын, төртеуі терактіге тіке қатысы барын айтты. Күдіктілер Брянск облысында ұсталған.

ФСБ-ның айтуынша, теракт мұқият жоспарланған.

Ресейлік телеграм-арналардың жазуынша, күдіктілердің бірі Иванов және Тейковтағы барбершопта жұмыс істеген. Тағы бір күдікті наурыз айында Түркиядан ұшып келген. Оған телеграм-арқылы "уағызшының көмекшісі" шығып, жарты миллион рубльдік жұмыс ұсынған.

22 наурызда кешке Мәскеу маңындағы "Крокус сити холл" концерт залдың ішінде камуфляж киген бірнеше адам жұртқа оқ жаудырған, ізінше ғимаратта жарылыс болып, өрт шықты.

Тергеушілердің айтуынша, шабуылдаушылар көрермен отырған ғимаратты өртеу үшін тез жанғыш сұйықтық пайдаланған. "Крокустағы" көрермен залы толық өртеніп кеткен, залдың төбесі құлаған.

Шабуылдан кейін мәлімдеме жасаған Ресей президенті Владимир Путин 24 наурызды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Ол кінәлілер жазаға тартылатынын айтты. Путин терактіге қатысы барлар ұсталғанын хабарлады. Путиннің сөзінше, қылмыскерлер Украинаға қарай жылжыған. Украина жағы олардың елден кетуіне "жағдай жасаған".

Ресей және өзге елдерде "Крокустегі" теракт құрбандарын еске арналған стихиялық мемориалдар пайда болған. Мәскеу, Петербург, Владивосток, Екатеринбург, Ростов, Париж, Таллин, Вена, Ташкент, Кишинев және өзге қалаларда жұрт гүл шоқтарын қойып, шырақ жақты. Қазақстандық БАҚ-тың жазуынша, Алматыда мен Астанада Ресейдің дипломатиялық өкілдіктері алдына гүл қойылған.