Нигерияның Курига елді мекенінде 7 наурызда тұтқынға алынған 200-ден астам адам босатылды. Олардың басым бөлігі – балалар. Босатылғандар арасында ересектер – мектеп мұғалімдері де бар.
Reuters агенттігінің жазуынша, кепілдікке алынған адамдарды босату операциясына Нигерия әскері мен қауіпсіздік қызметі қатысқан. Жергілікті билік қарсы тарап тұтқындарды қандай шартпен босатқанын нақтыламады. Тұтқында тағы адамдар бары айтылады.
7 наурызда ондаған адамнан құралған қарулы топ Нигерияның солтүстігіндегі Курига елді мекеніндегі мектепке шабуыл жасап, 7-15 жас аралығындағы 300-ден астам оқушыны тұтқынға алған. Кейбірі кейін босатылған, алайда кемінде 286 баланы шабуылдаушылар өздерімен бірге алып кеткен. Кейін қарулы топ тұтқындар үшін 1 млн найра (шамамен 620 мың АҚШ долларын) талап еткен.
Нигерияда бала және әйел ұрлау қылмысы жиі кездеседі. Куригадағы адам ұрлау 2014 жылдан бергі ең ірі оқиға. Ол кезде "Боко Харам" радикалды тобы Чибоктағы жатақханадан 270-тен астам оқушыны ұрлап әкеткен. 98-і әлі күнге дейін тұтқында отыр. Оларды шабуылдаушыларға тұрмысқа шығуға мәжбүрлеген, кейбірі үйлеріне нәрестелерімен оралды.
Наурыз басындағы адам ұрлау қылмысын ешбір топ мойнына алған жоқ. Associated Press және Reuters-тің жазуынша, қазір Нигерияда нақты бір идеологиясы жоқ топтар да адам ұрлап, құн талап ете бастаған.