БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі 25 наурызда Газа секторындағы атысты дереу тоқтатуды талап ететін қарар қабылдады. Құжатта АҚШ пен Еуроодақ елдері "террористік ұйым" деп таныған ХАМАС радикал тобы кепілге алған Израиль азаматтарын босату туралы талап бар.
БҰҰ қарарда жанжалға қатысушы екі тараптан мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Рамазан айында (биыл 10 наурыз бен 9 сәуір аралығында) атысты тоқтатуды және гуманитарлық көмектің секторға кедергісіз жетуін қамтамасыз етуді талап еткен.
Мозамбик енгізген қарар жобасын БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің он мүшесі дайындаған. Ресей қарар мәтініне атысты "тұрақты" түрде тоқтату талабын қосуға тырысты, бірақ ондай түзету қабылданбады. Мұндай қарарларды қарау кезінде вето құқығын үш рет пайдаланған АҚШ бұл жолы дауыс беруде қалыс қалды.
АҚШ ұсынған қарардың алдыңғы нұсқасына Ресей мен Қытай келіспей, вето қойған.
Қарар қабылданған соң Израиль басшылығы Ақ үйге баратын жоспарынан бас тартқаны белгілі болды. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ-ты "БҰҰ-дағы позициясын өзгертті" деп сынады. Оның айтуынша, бірнеше күн бұрын Америка өкілдігі Газада атысты тоқтату талабын ХАМАС тобы кепіл етіп ұстап отырған Израиль азаматтарын міндетті түрде босатумен байланыстырғанын еске салды. Израиль басшылығы АҚШ вето құқығын қайта қолданып, қарардың қазіргі нұсқасын қабылдауға жол бермеуіне болар еді деген пікірде.
Ақ үй өкілі Джон Кирби АҚШ Израильдің Вашингтонға сапардан бас тарту шешіміне қынжылады деп жауап берді. Ол сапар барысында Газа секторының оңтүстігіндегі Рафахтағы әскери операцияға қатысты ЦАХАЛ жоспары талқыланбақшы еді. Кирби АҚШ ұстанымын өзгертпегенін және кепілдегі азаматтарды босатуды, сектордағы гуманитарлық дағдарысты шешуді талап етіп жатқанын айтты.
ХАМАС тобының (АҚШ пен Еуроодақ елдері "террористік ұйым" деп таныған) былтыр 7 қазанда Израильдің оңтүстігіне тұтқиылдан жасаған шабуылына жауап ретінде Израиль күштері Газа секторында әскери операция жүргізіп жатыр. ХАМАС шабуылы салдарынан 1200-ден астам адам қаза тауып, 200-ден астам Израиль және шетел азаматы кепілге алынды, оларды Газаға алып кетті. Кейінгі мәліметтерге сәйкес, 130-дан астам адам тұтқында отыр.
ХАМАС бақылауындағы Газа секторының денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Израиль қорғаныс армиясының шабуылынан 30 мыңнан астам палестиналық қаза тапқан, оның басым бөлігі әйелдер мен балалар екені айтылады. Бұл ақпаратты растайтын тәуелсіз дереккөздер жоқ.