АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен 26 наурызда Вашингтонда Қазақстан сыртқы істер министрі – премьер-министрдің орынбасары Мұрат Нұртілеумен екіжақты әріптестікті дамыту жайын талқылады. Бұл туралы мемлекеттік департамент өкілі Мэттью Миллер хабарлады.
Миллердің сөзінше, АҚШ пен Қазақстан арасындағы әріптестікті дамытуға мүдделі екі тарап "инвестицияларды ұлғайту және Қазақстан экономикасын әртараптандыру", оның ішінде метан бойынша жаһандық міндеттеме мен маңызды пайдалы қазбаларға инвестиция құю туралы айтқан.
Мәлімдемеде АҚШ мемлекеттік хатшысының адам құқықтарының маңызын, "бизнес-инвестицияларды тартуға және экономикалық өсімді қамтамасыз етуге" жағдай жасауда "еркін БАҚ пен гүлденген азаматтық қоғамның негізгі рөлі" туралы атап өткені айтылады.
Бұдан бөлек, мемлекеттік хатшы Ресей агрессиясынан қорғанып отырған Украинаға АҚШ мызғымас қолдау танытатынын мәлімдеген.
Блинкен АҚШ-тың Қазақстан егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын құрметтейтінін жеткізді.
Қазақстан СІМ ақпаратынша, тараптар C5+1 диалогын кеңейту және былтыр Нью-Йоркте өткен осы форматтағы алғашқы саммиттегі уағдаластықтарын іске асыру мәселелерін талқылаған.
"Сыртқы саяси ведомстволар басшылары елдер арасындағы энергетикалық қауіпсіздік, маңызды минералдар, климат, бітімгершілік және т.б. салалардағы ынтымақтастыққа жоғары баға берді" дейді Қазақстан СІМ.
Өткен аптада Қазақстан СІМ баспасөз қызметі министр Нұртілеудің АҚШ-қа ресми сапары барысында 26 наурызда АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен кездесетінін хабарлаған. Одан бөлек, аты-жөні аталмаған "АҚШ-тың жоғары лауазымды тұлғаларымен" кездеседі деп айтылды.
Нұртілеу Вашингтоннан соң 29-30 наурызда Қытайға ресми сапармен барғалы отыр.