Абай облысындағы елді мекендер мен екі ауданды су басты, Аягөз ауданы қатты зардап шекті.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Аягөз ауданындағы Аягөз өзені тасып, Бозай ауылына баратын жолдағы көпірді су шайып кетті. Ауданда жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай режимі енгізілген. Халықты Аягөз өзенінен өткізуге ТЖД қызметкерлері жіберілді.
Аягөз ауданында бір тәулікте екі адам жоғалып кетті. Олар Борлы өзенінен трактормен өтпек болған. Бірнеше күн бұрын тағы бір ер адам жоғалды, ол Аягөз өзенінен өтпек болғанда аттан құлаған деп хабарлады Абай облысының ТЖД баспасөз қызметі. Жоғалған адамдарды еріктілер де іздеп жатыр.
Семей қаласы Озерки ауылдық округі Қаракөл ауылында еріген қар суы бойынша шаралар жүргізіліп жатыр. Ол жақта жағдай тұрақты деп айтылды. Жарма ауданындағы Шар қаласы, сондай-ақ Подхозное кентінде де су астында қалған учаскелер туралы айтылды.
— Шар қаласында су тасқыны бойынша жағдай күрделі. Даладан еріген сулар шеткі екі көшеге кірді, 14 аула су астында қалды. Аягөз қаласындағы Кіші Аягөз өзені арнасынан су тасып, түнде бес ауланы су басты. Қаракөл ауылында су деңгейі төмендеді, аулалардағы су кетті, жағдай тұрақталды, — деді Абай облысы ТЖД бастығының орынбасары Азамат Орымбаев.
Басқа елді мекендерді де су басып жатқаны туралы хабарламалар түсіп жатыр. Өзендерге жақын тұрған ауылдар зардап шегіп жатыр. Абай облысындағы Ақсуат, Жарма, Аягөз аудандарынан өзендердің тасып жатқаны туралы хабарланды.