Астанада 27 наурызда бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот басталды. Ол азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы "аса қатыгездікпен өлтірді" және "қинады" деп айыпталды.
Сотқа алқабилер қатысады, мұны айыпталушының өзі талап етті. Бишімбаевпен бірге оның немере ағасы Бақытжан Байжанов та сотқа тартылып жатыр, оған "қылмысты жасырып қалу" және оны "хабарламау" баптары бойынша айып тағылған.
Сот отырысы басталмас бұрын судья процесс қатысушыларынан отырысқа БАҚ өкілдерін кіргізуге қатысты пікірін сұрады, одан бұрын сот операторлардың сот залына кіруіне рұқсат берген. Журналистер сотты қашықтан, онлайн бақылайды. Бұған адвокаттар немесе тараптар қарсылық танытпады.
"Сот отырысына төрағалық етуші рұқсат берсе ғана түсірілім жасауға болады" деді судья. Сот алқабилерді суретке және видеоға түсіруге тыйым салды, оның құрамы 27 наурыздағы жабық отырыста анықталды.
Судья сот орындаушыларынан алқабилердің түрі "желіге немесе басқа бұқаралық ақпарат құралдарына" тарап кетпеуін бақылап отыруды сұрады.
Сотқа қатысқан прокурорлар Бишімбаевтың Нүкеноваға "жүйелі түрде физикалық зорлық-зомбылық көрсеткені" туралы айыпты оқыды.
Прокурор Айжан Аймағанова Салтанат Нүкенованың денесінде анықталған жарақаттар туралы айтты. Тергеу және айыптау мәліметінше, Нүкенова алған жарақаттарынан көз жұмған.
Бишімбаев өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын тағы айтты.
— Сізге тағылған айыпты мойындайсыз ба? — деді судья айыпталушыға.
— Мойындамаймын, — деп жауап берді Бишімбаев.
— Сізге Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлімі 1-тармағы бойынша, материалдық жағынан өзіне тәуелді адамды ұдайы ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттері арқылы физикалық және психикалық зардапқа ұшыратты деп айып тағып отыр. Бұл бап бойынша айыпты мойындайсыз ба? — деп нақтылады судья.
Бишімбаев "Құрметті сот, өз нұсқамды айтуға тергеуде де, еш жерде мүмкіндік болмады. Прокурордың айтқан сөзінде ешқандай дәлел жоқ, ойдан шығарылған. Тағы айтамын, 110-бап бойынша мен ешқашан қылмыс жасаған жоқпын және мен оны мойындамаймын" деді.
Кейін судья одан Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлімі 5-тармағы бойынша сұрады. "Бұл бап бойынша да тура солай мәлімдеймін" деді Бишімбаев судьяға берген жауабында.
— Айыпты да толық мойындамайсыз ба?— деп жалғастырды судья.
— Толық көлемде емес. Мен адамды қасақана аса қатыгездікпен өлтірмегенім туралы айтып отырмын. Өз нұсқамды айтуға мүмкіндік болады деп үміттенемін, — деп жауап берді Бишімбаев.
Судья сотта дәлелдерді зерттеу тәртібі анықталған соң айыпталушыдан жауап алу кезінде мұндай мүмкіндік беріледі деп хабарлады.
Сот екінші айыпталушыдан да жауап алды. Тергеу дерегінше, "Гастро-орталық" директоры және экс-министрдің туысы Бақытжан Байжановты Бишімбаев мейрамханаға шақырып, қызметкерлерді қайтаруды және бейнебақылау камераларындағы видеоларды өшіруді бұйырған. Ол екі бап бойынша айып тағылды, оның бірі — "аса ауыр қылмысты жасырып қалу".
— Осы бап бойынша айыпты мойындайсыз ба?— деді судья Байжановқа.
— Құрметті сот, расымен де мен видеоны өшіруді сұрағанымды мойындаймын. Сондай-ақ Салтанаттың телефонын үйге апаруды өтіндім. Мен қылмыс жасадым ба, жоқ па, оны білмеймін. Сол кезде Салтанаттың көз жұматынын немесе өлетінін білмедім, — деді Байжанов.
Судья одан "айыпты мойындайсыз ба?" деп қайта сұрағанда Байжанов "қылмыс жасадым ба, жоқ па, оны білмеймін" деді.
Бүгін сотта дәлелдерді зерттеу тәртібі анықталды, кейін судья 29 наурыз сағат 10-ға дейін үзіліс жариялады.
Сот отырысы Қазақстан Жоғарғы сотының YouTube-арнасында тікелей эфирден көрсетілді. Қазірге дейін видео 20 мыңнан астам қаралым жинаған.
Процеске алқабилер қатысады. Қолданыстағы ережелерге сәйкес, алқабилер "Іс-әрекеттiң орын алғаны дәлелдендi ме?"; "Бұл іс-әрекеттi сотталушының жасағаны дәлелдендi ме?"; "Бұл іс-әрекеттiң жасалуына сотталушы кiнәлi ме?" деген сұрақтарға жауап беруге тиіс.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Салтанат Нүкенованың ісі: прокурор айыптау актісін оқыды, Бишімбаев айыпты мойындамады