Қазақстандағы су тасқыны: билік төтенше жағдай болған аймақтан 11 306 адам эвакуацияланғанын хабарлады

Аралтал тұрғындарын эвакуациялау процесі. Батыс Қазақстан облысы, 30 наурыз 2024 жыл.

31 наурыз, жексенбі күні премьер-министр Олжас Бектенов су тасқынының салдарын жою жөніндегі республикалық штаб отырысын өткізді. Штаб кеше президент Тоқаев өткізген шұғыл кеңестен кейін құрылған. Штаб жетекшісі болып Олжас Бектенов тағайындалды.

31 наурыз күнгі штаб отырысында төтенше жағдайдағы аумақтан 11 306 адам эвакуацияланғаны, 5 мыңнан астам адам уақытша пунктерде тұрып жатқаны айтылды.

Ресми мәлімет бойынша, су 40 автожолды шайып кеткен, арасында бір көпір де бар. Биліктің хабарлауынша, төтенше аймақтағы халыққа көмек 24 сағат беріліп жатыр.

Су тасқынының салдарын жоюмен 7 мыңнан астам адам айналысып жатыр, 2 мыңнан астам техника жұмылдырылған. Бұлар: су сорғыш техника, тікұшақ, кемелер.

Ақтөбедегі тасқын: саяжай тұрғындары паналаған мектептегі жағдай

Қазіргі кезде Ақтөбе, Сазды, Ащысу, Жартас су қоймаларынан су жіберіліп жатыр. Ақтөбе облысындағы Қарғалы су қоймасы да толтырылып жатыр. Бұған дейін жергілікті билік Елек және Қарғалы өзені маңында тұратын тұрғындарды үйлерінен кетуге шақырған.

Штаб отырысында қалпына келтіру және үй салу жұмыстарына қаржы үкімет резервінен және жергілікті әкімдіктен бөлінетіні айтылды.

Олжас Бектенов су тасқынынан зардап шеккендерге материалдық көмек берілетінін айтты.

Осы апта соңында Ақтөбе облысындағы Берсиев ауылының тұрғындары айналасын су басқан екі қабатты мектеп немесе үй шатырында байланыссыз қалғанын айтқан. Сенбі күні таңертең ауыл маңындағы төбеге тікұшақ қонып, жұрт қайықтар арқылы сол жаққа жеткізіліп, әрі қарай аудан орталығына эвакуацияланды.

Үкіметтің мәліметінше, қазіргі кезде Қазақстанның он облысына су басу қатері төнген. Бірнеше қала мен ауданда төтенше жағдай жарияланды.

Су басқан кейбір елді мекен тұрғындары жергілікті билікті "су тасқынына дайындалған жоқ, дер кезінде қар тазаланған жоқ" деп айыптады. Еріген қар суы үйлерді, шаруашылық құрылыстарды басып, көпірлер мен дамбаларды бұзып, жолдарды шайған.

Бір күн бұрын шұғыл кеңес өткізген президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккендерден кешірім сұрады. Тоқаев су тасқынына қарсы уақытында шара қабылдамағаны үшін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс және қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. Ал Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жариялады.