Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының үстінен қозғалған тағы бір қылмыстық іс бойынша сот отырысы өтті. Сатыбалдыға "қылмыстық жолмен алынған ірі көлемдегі ақшаны заңдастырды" деген айып тағылған. Бұл жөнінде Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Соттың мәліметінше, айыпталушы Сатыбалды айыпты толық мойындаған.
Қорғаушы тарап та Сатыбалдының кінәсін мойындайтыны және заңсыз алынған активтерді қайтару туралы процестік келісім жасасуға ықыласты екенін білдірген. Сот отырысы кейінге қалды, бірақ қашан жалғасатыны айтылмады.
Қайрат Сатыбалды Қаңтар оқиғасынан кейін, 2022 жылы наурызда қамалды. Ол осыған дейін "Қазақтелеком" және "Көлік сервис орталығы" компанияларынан ақша жымқырды деген айыппен 6 жылға сотталып, түрмеге қамалған. Ал "қылмыстық жолмен алынған ірі көлемдегі ақшаны заңдастыр" бабы - Қайрат Сатыбалдыға тағылғын тағы бір айып.
Жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, Сатыбалды 2022 жылдан бері құны 732,8 млрд теңге болатын заңсыз активтерді мемлекетке қайтарған.
Қайрат Сатыбалды Назарбаев президент болып тұрған тұста елдегі ең ықпалды бизнесмендердің бірі болды. Forbes Kazakhstan журналы оның байлығын 163 миллион долларға бағалаған.