Forbes тізімі: Құлыбаевтар мен Вячеслав Кимнің байлығы өскен

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы мен қызы Тимур Құлыбаев пен Динара Құлыбаева.

Америкалық Forbes журналының миллиардерлер тізіміне алты қазақстандық енген. Журнал экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы мен қызы Тимур Құлыбаев және Динара Құлыбаеваның байлығын 10 млрд долларға (әрқайсында 5 млрд доллар) бағалаған. Биыл олар байлар тізімінде 621-орында тұр. Былтыр екеуінің байлығы 8,6 млрд доллар болған еді.

57 жастағы Тимур Құлыбаев пен 56 жастағы Динара Құлыбаева елдегі ең ірі коммерциялық банкті басқарып отыр. "Халық банк" екеуінің ең құнды активі саналады. Құлыбаевтардың мұнай өндіру саласында, құрылыс пен саудада бизнесі бар.

Forbes рейтингінде Қазақстаннан ең бай адам ретінде Вячеслав Ким тұр 511-орын. Kaspi қаржылық компаниясының құрушысы және Kaspi Bank директорлар кеңесінің төрағасының байлығы 5,8 млрд долларға есептелген. Оның байлығы бір жылда 2,8 млрд долларға өскен.

54 жастағы Кимнің байлығының өскені IPO Kaspi-мен байланыстырады. Ким бұл акцияның 24 пайызын иелік етеді. 2020 жылы жылы компания акциясын Лондон биржасына, биыл АҚШ-тағы NASDAQ биржасына шығарған. Экономикалық сайттар Kaspi акционерлері АҚШ биржасында миллиард доллардан аса пайда тапқанын жазған.

Кимнің бизнес серіктесі, грузиялық Михаил Ломтадзенің байлығын Forbes журналы 5,2 млрд долларға бағалаған.

Ал "Қазақмыс" металлургиялық компаниясының иесі Владимир Кимнің активі бір жылда азайған. Қазір Ким 3,6 млрд доллармен (былтырмен салыстырғанда 700 млн долларға аз) 890-орында тұр.

Freedom Holding брокерлік компаниясының басшысы Тимур Турлов (Ресейде туған, 2022 жылы Қазақстан азаматтығын алды) қазір 3,3 млрд доллармен 991-орында тұр.

Ал журналдың рейтингінде 1253-орында тұрған 66 жастағы Болат Өтемұратовтің қазіргі байлығы – 2,7 млрд доллар.

Бұрын экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың іс басқарушысы болған Өтемұратов қазір Forte Bank пен Burger King франшизасының Қазақстандағы иесі. Ол қонақ үйлер, әуежайлар мен ұялы байланыс компаниясына да иелік етеді.

Forbes журналының рейтингінде бірінші орынды LVMH басшысы Бернар Арно (233 млрд доллар) сақтап қалды. Арно Louis Vuitton және сағат шығаратын Tag Heuer компанияларын иеленеді.

Екінші орында Tesla иесі Илон Маск (195 млрд доллар), үшінші орында Amazon басшысы Джефф Безос (194 млрд доллар), төртінші орында Facebook құрушысы Марк Цукерберг (177 млрд доллар) тұр.

Рейтингте АҚШ-тан 813 миллиардер, Қытайдан 473 миллиардер, Үндістан 200 миллиардер бар.