Ақтөбе облысы Хромтау ауданында бөгет жарылды деп хабарлады премьер-министрдің сайты. Ақпаратқа қарағанда, көлемі 15,8 млн текшеметр болатын Мағажан бөгеті бұзылған.
Бұл бөгет 1985 жылы пайдалануға берілген. Гидротехникалық құрылыс жекеменшік "Тұлпар" ЖШС компаниясының иелігінде. Бөгеттің бұзылуына байланысты Қызылту ауылынан 25 адам, Табантал қыстағынан 11 адам эвакуацияланған.
Премьер-министр сайтының жазуынша, үкімет жетекшісі Олжас Бектенов "Ақтөбе облысындағы су тасқыны жағдайын тексеріп, қауіпті аймақтағы ауыл тұрғындарын эвакуациялау жұмыстарын жеделдетуді" тапсырған.
Ресми мәлімет бойынша, облыста тасқын қаупі әлі сейілмеген. Өңірде 792 үй су астында қалған. Облыстың 5 ауданында (Қобда, Мұғалжар, Темір, Әйтеке би, Ойыл) және Ақтөбе қаласында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған. Су тасқынына қарсы шараларға 3140 адам, 664 техника жұмылдырылған. Барлығы 8 978 адам қауіпсіз жерге көшірілген.
Сайттың жазуынша, Бектеновтің су тасқынынан зардап шеккен елді мекен тұрғындарымен кездесуі кезінде зардап шеккендерді қолдау мәселесі де көтерілген.
"Мәселен, әкімдік тізімдері бойынша су тасқынынан зардап шеккендер санатына жатқызылған барлық азаматтарға несиелер бойынша жылдың маусым айының соңына дейін 3 айға несие төлемдерін автоматты түрде кейінге шегеру мүмкіндігі беріледі, сонымен қатар төлемдерді кешіктіргені үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар салынбайды" деп жазылған сайтта.
Бұған дейін Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында 29 наурызда су тасқынының салдарынан Щербаков бөгеті бұзылған еді. Су Жүргенов ауылы маңындағы Ырғыз өзеніне құйыла бастаған. Ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Бөгеттің жарылуына байланысты прокуратура "Салғырттық" бабымен қылмыстық іс қозғаған.