Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 5 сәуірде Хиуаға бейресми сапармен барып, Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияевпен кездесті. Екі елдің президенттері келіссөз кезінде Орталық Азия аймағының тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне баса назар аударған. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Тоқаев пен Мирзияев екі елдің стратегиялық серіктестігінің 2034 жылға дейінгі бағдарламасын қабылдауды қолдаған. Бұдан бөлек, екі елдің теміржол әкімшіліктері арасында бірлескен кәсіпорын құру бастамана да қолдау білдірген.
Астана мен Ташкент бұл кәсіпорын арқылы Қытай – Қазақстан – Өзбекстан бағытындағы жүк тасымалдау үшін қазақ-қытай шекарасындағы және Өзбекстандағы жүк терминалдарын пайдалануды көздейді.
Бұдан бөлек, Тоқаев пен Мирзияев тауар айналымын ұлғайту, энергетика, көлік, су шаруашылығы, IT салаларындағы ынтымақтастықты дамыту, екі елдің туристік әлеуетін пайдалану жайлы пікір алмасқан.
Екі ел президенттері Орталық Азия елдері басшыларының кезекті алтыншы Консультативтік кездесуіне дайындық барысын және Орталық Азия елдерінің АҚШ, ЕО, Қытай және Ресеймен өтетін С6+ форумының алдағы мүмкіндіктерін де талқылаған.