Ресей денсаулық сақтау министрлігі 7 сәуірде Орынбор облысы Ор қаласында су тасқынынан ондаған адам зардап шеккенін, бірнешеуі ауруханаға түскенін хабарлады.
"Ордағы жағдайға байланысты 99 адам медициналық көмекке жүгінді, оның 18-і — бала, 6 ересек адам мен 3 бала ауруханаға жатқызылды, олардың денсаулығына қауіп жоқ. Қалғандарына да көмек көрсетілді", – деді Ресей денсаулық сақтау министрінің көмекшісі Алексей Кузнецов. Оның сөзін ТАСС агенттігі жариялады.
Бұған дейін Ресей билігі су басқан Ор қаласында 4 адам мерт болғанын хабарлаған, бірақ олардың ешбірінің ажалы судан болмаған деп мәлімдеді. "Екеуі жүрек талмасынан, біреуі өз ажалынан қайтыс болған, тағы біреуі өзіне өзі қол салған" деп хабарлады қала әкімдігіне сілтеген РИА "Новости" сайты.
Орынборда да жағдай қиындай түсті, жергілікті билік бірнеше көше мен аллеяны жауып, қауіпті аймақтағы тұрғындарды өз еркімен үйінен кетуге үндеуді.
Орынбор облысының губернаторы Денис Паслер жексенбіде аймақтағы тасқынға байланысты жағдай қиын екенін айтты. "Алдағы уақытта Курган мен Тюменьде тасқын болуы мүмкін. Орынборда 10 сәуірде болады деп отыр" деп жазды Паслер өз телеграм-арнасында.
4 сәуірден бастап Орынбор облысында тасқынға байланысты жағдай нашарлауына байланысты өңір деңгейінде төтенше жағдай режимі енгізілді. Жексенбіде үкімет комиссиясы Орынборда су тасқынына қатысты федералды сипаттағы төтенше жағдай қалыптасты деп шешім қабылдады.
5 сәуір кешке Ор қаласындағы тасқын салдарынан Жайық өзеніндегі су бөгені жарылды. Аудан халқының біраз бөлігі эвакуацияланды. Бір күн өткенде Борисоглеб көшесі аумағындағы тағы бір бөген жарылды. Ресей ТЖМ басшысы Александр Куренков Ор қаласына ұшып барып, ондағы жағдайды "қиын" деп атады. Қаладағы 4518 үй мен 4587 аула суда қалған.
Ор қаласының кейбір ауданында су үйдің бірінші қабатының терезесіне дейін жеткен, адамдар қалада қайық мініп жүр. Тасқын салдарынан Ор қаласындағы барлық мектеп қашықтан оқуға көшкен. Мұнай өңдеу зауыты да тасқынға байланысты жұмысын тоқтатты деп хабарлады "Орскнефтеоргсинтез" компаниясының баспасөз қызметі.
7 сәуір кешке Орынбор облысы басшысының баспасөз қызметі өңірдегі су басқан үйлерден 6100-ден астам адам (оның 1478-і – бала) көшірілді, оның ішінде мыңнан астамы уақытша орталыққа жайғасты деп хабарлады.
Курган облысының бірнеше ауданында су басу қаупіне байланысты тұрғындарды эвакуациялауға үндеді. "Сөйлесуге, көндіруге уақыт жоқ" деп жазды Звериноголовск басшысы телеграм-арнасында.
Ресей президенті Владимир Путин Курган және Тюмень облыстары басшыларымен телефонмен сөйлесті. Ол эвакуацияға байланысты шара қабылдауды, тұрғындарды алдын ала заттарын жинауға шақыруды тапсырды деп хабарлады РБК.
Челябинск облысында да ауылдар мен саяжайларды су басты. Миасста Поликарповск бөгенінен су жіберуді бастап, жұртты ол жақтан кетуге үндеген. Губернатор Алексей Текслер бұл жағдай бірнеше күнге созылады деп жазды.
ТЖМ мәліметінше, Ресейдің 39 өңірінде 6,8 мыңнан астам үйді су басқан.