Ақмола облысы Аршалы кентіндегі Аршалы аудандық соты 8 сәуірде белсенді Сейітжан Жомартовқа 258 440 теңге (580 доллар) айыппұл салды.
Сот оған "рұқсат етілмеген митингіге шығуға үндеді" деген айып таққан. Бұған оның биыл Наурыз мерекесі күндері оппозиция белгілеген бейбіт наразылық акцияға шар ұстап шығу туралы жазбаны Facebook-те бөліскені түрткі болған.
Белсенді өзіне полиция биыл наурыздың аяғында сотқа шақырту қағазын бергенін, бірақ денсаулығына байланысты бара алмағанын айтады. "Бүгін полицейлер келіп, бірден сотқа апарды" деді Жомартов дүйсенбіде.
Сейітжан Жомартов заңға қайшы әрекет жасамағанын айтып отыр.
"Наурыз күндері шар ұстап мерекелік митингіге шығуға үндедің деп айыптады. Мен жай ғана ақпарат бөлістім", - деді белсенді Азаттыққа. - Олар шешімді апелляцияға беруге болатынын айтты. Шағым түсіру керек".
Сот оны кінәлі деп танып, 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (2024 жылы 1 АЕК 3692 теңгеге тең - ред.) айыппұл салды.
Соттың хабарлауынша, Жомартов "биыл наурызда митингіге шығуға үндеген жазбаны бөліскен".
Жомартовтың ісі сотқа дүйсенбі, 8 сәуірде түсті, сол күні сот белсендінің ісін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабының 12-бөлігі ("әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет") бойынша қараған.
Былтыр күзде белсендіге дәл осындай айып тағылып, айыппұл салынған еді.
Сот қаулының қарар бөлігін ғана жариялады. Белсенді 10 күн ішінде апелляциялық шағым түсіре алады.
Сейітжан Жомартов — мүгедектігі бар (аяғы тізесінен төмен жоқ) белсенді. Ол Астана маңындағы Аршалы ауданының Жібек Жолы ауылында тұрады. Жомартов — "Алға, Қазақстан!" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың мүшесі. Оның сөзінше, 2019 жылдан бері белсенділікпен айналысады, әлеуметтік және саяси мәселелер бойынша азаматтық ұстанымын ашық айтады.
- 2009 жылдан бері шетелде тұрып жатқан қуғындағы оппозиционер Мұхтар Әблязов Қазақстанда биылғы Наурыз мейрамында, 21-22 наурыз күндері "түрлі-түсті шар ұстап мерекелік митингіге" шығуға жұртты әлеуметтік желілер арқылы үндеген.
- Назарбаевтан билікті қабылдап алған қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы бекіткен бейбіт жиындар туралы жаңа заңды құқық қорғаушылар халықаралық стандарттарға сай емес, бейбіт жиын өткізуге жергілікті әкімдік рұқсат беру керек деген бұрынғы заңдағы талап сол күйі қалды деп сынға алды. Белсенділер жергілікті әкімдік митинг өткізуге рұқсат бермес үшін түрлі сылтау ойлап табатынын айтады. Ондай сынға келіспейтін Астана митинг туралы жаңа заңды "демократиялық мазмұнда" деп атап, оны қабылдағаннан кейін Қазақстанда бейбіт жиындар "бірнеше есе" көбейді дейді.