Атырау облысындағы су астында қалған Құлсары қаласының тұрғындары тасқын қаупі туралы "112" телефон нөмірінен ешқандай ескерту хабар алмағанын айтады. 5 сәуірде қалаға лап берген тасқын су әлі келіп жатыр.
"Бесі күні су келді. Алтысы күні 112 телефон нөмірінен сәуірдің жетісі, сегізі, тоғызы күндері Жемнен [өзен] су келе береді деген хабарлама алдық. Мұндай хабарлама бізге қаланы су басқаннан кейін бір-ақ жетті", – қала тұрғыны Ақылбек Өмірзақ Азаттықтың тікелей эфирі кезінде.
Ол жергілікті тұрғындар мен белсенділер өз күшімен судың жолын бөгеуге тырысқанын, алайда су оны бұзып өтіп, қаланың ішкі аудандарына жайылғанын баяндады.
Оның зайбы Гүлназ қала тұрғындары суда қалған үйіндегі дүние-мүлік тонауға түспес үшін оны сыртынан қарап, күзетуге мәжбүр екенін айтты.
Азаттық Құлсарыдан жүргізген тікелей трансляция жазбасын Азаттық сайты мен Youtube-арнамыздан көруге болады:
7 сәуірде Атырау облысында төтенше жағдай режимі жарияланды. 60 мыңнан астам адам тұратын Құлсары қаласы – тасқыннан өте қатты зардап шеккен елді мекендердің бірі. Қала халқының жартысына жуығы үй-жайын тастап шығуға мәжбүр болды.
7 сәуірде құтқарушылар Құлсарыдан содан бір күн бұрын суда қалған үйін тексеріп кетуге кетіп, ұшты-күйлі жоғалған екі ер адамды өлі күйінде тапты. Билік таратқан ақпаратта "тиісті рұқсат алмай, өз бетінше аттанған" әлгі екі адам мінген трактор жолдан аударылып кеткені айтылған.
Қазақстан билігі биыл елді дүрбелеңге салған тасқынды бұған дейінгі болған осы іспетті табиғи апаттар арасындағы ең ауқымдысы деп атап, көктемгі тасқын әлі шегіне жеткен жоқ деп ескертті.