Қазақстанда мәжіліс депутаттары "ЛГБТ-ны насихаттағандарды" қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды

Мәжіліс депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаев "ЛГБТ-ны насихаттағандарды" қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды. Бұл жөнінде "Власть" сайты жазды.

"Кейбір заңнамалық актілерге масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының салыстыру кестесінде қылмыстық кодекстегі 174-баптың ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру") бірінші бөлігін "оған дәстүрлі емес жыныстық қатынасты насихаттау да кіреді" деген тіркеспен толықтыру ұсынылған.

Түзету жұмыс тобының қарауына енгізілді, әзірге бұл ұсыныс қана.

Бұған қоса, түзету авторлары митинг туралы заңдағы әкімдіктерге бейбіт жиын өткізуге рұқсат етпеуге негіз болатын жайттар жазылған жерді "дәстүрлі емес жыныстық қатынасты насихаттау" деген сөздермен толықтыруды да ұсынады.

Депутаттар "Неке және отбасы туралы" кодекстің бірінші бабын түзетулерге негіз ретінде келтірген.

"Неке – ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттерді туғызатын, отбасын құру мақсатында Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімімен жасалған еркек пен әйел арасындағы тең құқықты одақ".

Жаңбыршин мен Мұсабаевтың пікірінше, Қазақстан қоғамы үшін дәстүрлі отбасы бұл ер мен әйел және олардың балаларынан тұрады.

"Сондықтан да дәстүрлі емес жыныстық қатынасты насихаттауға тыйым салу керек" деді депутаттар Жаңбыршин мен Мұсабаев.

5 сәуірде мәжіліс депутаттары Асхат Аймағамбетов пен Жанарбек Әшімжан "Масс-медиа туралы" заңға БАҚ-қа ЛГБТ өкілдері туралы жазуға тыйымды қарастыратын түзету енгізуді ұсынған. Олардың пікірінше, бұл насихатпен пара-пар және ол ақпарат құралының жұмысын тоқтатуға түрткі болуы мүмкін.

Былтыр сәуірде мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Қазақстанда ЛГБТ тақырыбын қозғаған фильмдер мен сериалдарға тыйым салуды ұсынған.

  • Қазақстанда кейінгі жылдары 174-бап бойынша ондаған азаматтық белсенді, журналист, блогер, түрлі діни қауымдастық өкілдері түрме жазасына кесілген. Сотталушылардың туыстары мен қорғау жағы 174-бап билікке жақпайтындарды қудалау құралына айналғанын айтады.
  • 2021 жылы Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығы ахуалына арналған қарарында Қазақстанда ЛГБТ өкілдері бұрынғыша гендерлік белгілері бойынша немесе жыныстық бағытына байланысты дискриминацияға ұшырайтынын жазған.
  • Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бала құқығы туралы түзетулерге қол қойған, құқық қорғаушылар оны ЛГБТ өкілдерінің құқықтарын таптайтын Ресей тәжірибесін қайталайтын құжат деп атаған.