Қазақстанда су тасқыны аймағынан 100 мыңға жуық адам көшірілген

Қазақстанда су тасқыны басталғалы бері 99 869 адам қауіпсіз жерге көшірілген, 36 591-і бала. Қауіпті аймақтардан 2 960 адам тікұшақпен эвакуацияланған, 935-і – бала. Төтенше жағдай министрлігі 11 сәуірде осылай деп мәлімдеді.

Уақытша қоныстандыру пунктеріне 6,5 мыңнан астам адам шоғырланған, 3197-сі бала.

Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында 3 563 жеке тұрғын үй мен 563 аула су астында қалған.

9 млн текшеметр қар суы сорылған, 1,6 миллион қап және 1,2 млн тонна инертті материал төселген. 98 мыңнан астам мал қауіпсіз жерге айдалған.

Ондаған жолды су шайып кеткен. Қазіргі кезде су тасқынының салдарынан 66 елді мекенге бару мүмкін емес. Жергілікті атқару органдары халықпен байланыста отыр және оларды қажетті азық-түлік және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп отырғаны хабарланды.

Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға мың тонна гуманитарлық көмек жеткізілген.

Ақмола облысында қар еріп, Жабай, Бақсұқ, Жолболды, Қалқұтан өзендерінің деңгейі көтерілген. Атбасар қаласы мен Атбасар ауданында Құрманов ауылы, Шу, Борисовка, Тимашевка, Бұланды ауданында Журавлев, Иванов, Капитонов елдімекендері, Астрахан аудандарында 294 жеке тұрғын үйді су басқан.

Мұз кептелмес үшін Бақсұқ, Жабай, Аршалы, Сарқырама өзендерінде жарылыс жұмыстары жүргені хабарланды.

Солтүстік Қазақстан облысында мол жауын-шашынның салдарынан және Есіл өзені тасығандықтан Қызылжар ауданындағы Боголюбово ауылында 18 жеке үй мен 4 аулаға су кірген. 14 адам эвакуацияланған, алтауы - бала.