Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі биыл Риддер қаласындағы жалғыз қазақ мектебі — "Шаңыраққа" жаңа ғимарат салынатынын хабарлады. Бұл туралы облыс әкімдігінің Азаттық радиосына берген жазбаша жауабында айтылған. Қазір №11 аралас мектептің ғимаратын бірлесе пайдаланып отырған "Шаңырақ" ұжымы мен оқушылары жаңа мектепті 15 жылдан бері күтіп жүр.
"Жаңадан салынатын 600 орындық ғимаратқа "Шаңырақ" мектебін көшіру жоспарланған", деп жазылған әкімдік жауабында. Ақпаратқа қарағанда, биыл құрылысы басталып, 2025 жылы қолданысқа берілетін мектепті салуға "Қазмырыш" кәсіпорыны демеушілік етеді.
1991 жылы құрылған "Шаңырақ" мектебі 2023 жылға дейін екі бөлек ғимаратты паналап келген. Ғимараттардың бірі 1936 жылы "Пионер үйі", екіншісі 1958 жылы мектеп ретінде салынған. Былтыр баласын "Шаңырақта" оқытатын ата-аналар екі ғимараттың тозғанын, заман талабына сай келмейтінін әрі бір-бірінен алыс орналасқанын айтып шағынған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тозған "Шаңырақ". Риддердегі жалғыз қазақ мектебі қаусап тұр. Әкімдік мектеп салуға асығар емесМектеп мұғалімдері де екі ғимарат арасында "қатынап жүретінін" айтқан. Осыдан кейін әкімдік "мектеп спорт залы апатты жағдайда" деген шешім шығарып, жаңа оқу жылында "Шаңырақты" №11 аралас мектептің ғимаратына уақытша көшірген. Ата-аналар ескі мектепке қайтадан бармаймыз деп наразылық білдірге еді.
Риддерде 16 мектеп бар. Оның 12-сі — орыс, үшеуі — аралас, біреуі қазақ тілінде оқытады. Қазақ мектебінде 600-ге тарта бала білім алса, дәл осынша бала аралас мектептерге барады.
Риддердегі тұңғыш әрі жалғыз қазақ мектебі — "Шаңырақ" 1991 жылы жексенбілік мектеп болып ашылған. 1993 жылы орталау мектеп, 2001 жылы орта мектеп, ал 2007 жылы көпсалалы мектеп-гимназия болып құрылды. Бұл мектептің ашылуы Сәуле Шаяхметова есімді ұстаздың есімімен тығыз байланысты. Ол қалада 1989 жылы "Қазақ тілі" қоғамын құрады. 1991 жылы сол қоғам атынан "Шаңырақты" ашуға бастама көтереді.
2008 жылы жергілікті билік "Шаңыраққа" жаңа мектеп салып беруге шешім шығарған. Бірақ 2019 жылы бұл шешімнің күшін жойып, жаңа салынған ғимаратты аралас мектепке берген. Ата-аналар бұған наразы болған.
Риддер — Шығыс Қазақстан облысындағы екінші ірі қала. Әкімдіктің ақпараты бойынша, онда 50 мың адам тұрады. Оның ішінде 36 мыңнан астамы — орыс, 10 мыңнан астамы — қазақ, қалғаны өзге ұлт өкілдері.