16 сәуірде Петропавлда тасқын кезінде үйі суға кеткен ондаған адам қаладағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жиналды. Олар үкімет уәде еткен бір реттік жәрдемақы мен судан келген шығынды өтеу бойынша құжат тапсыруға келгендерін айтты.
Тұрғындардың кейбірі су басқан үйлерімен әуре болып, бұл органға енді ғана келгенін айтады. Кезекте тұрғандардың бірі Азаттық тілшісіне адамдар бөлімге таңғы сағат 8-ден бастап жиналғанын айтты.
Солтүстік Қазақстан облысының алты ауданында төтенше жағдай жарияланған. ТЖМ тасқын басталғалы облыста 10 мыңнан астам адам эвакуацияланды деп хабарлады. 44 адам үйіне оралып, 688 адам эвакуация орталығында қалған. қалғандары туыстарына кеткен.
14 сәуірде Есіл өзені тасып, қала маңындағы Подгора, Заречный, Кожевина және өзге де елді мекендер аумағын су басқан. Сорғы станцияларын электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған электр бағандарын мұз бүлдіріп кеткен. 15 сәуірге қараған түні Қызылжар ауданындағы Большая Малышка ауылында құтқарушылар 894 тұрғынды, оның ішінде 112 баланы эвакуациялады.
10 сәуірде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы СҚО-да тасқыннан зардап шеккендерге әлеуметтік көмек 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде, Уәлиханов ауданында 200 АЕК-ке дейін, Петропавлда 200 АЕК-ке дейін болады деп хабарлады.
"Ақжар, Аққайың, Мамлют аудандарында 100 АЕК-ге дейін (369,2 мың теңге); Айыртау, Есіл, Жамбыл, М. Жұмабаев, Қызылжар, Ғабит Мүсірепов, Тайынша, Шал ақын, Тимирязев аудандарында 100 АЕК (369,2 мың теңге); Уәлиханов ауданы мен Петропавл қаласында 200 АЕК-ге дейін (738 мың теңгеге дейін)" деді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ринат Елжасов.
Өткен аптада қаржы министрлігі үкіметке тасқыннан зардап шеккендерге 100 АЕК көлемінде бір реттік төлем берілетінін хабарлады. Қаржы министрлігінің баспасөз хатшысы Арай Дәулетқызы зардап шеккен үйлер әкімдіктер қаражаты есебінен қалпына келтіріледі және шығынды есептеу су қайтқан кезде басталады деп хабарлады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ СҚО-дағы Большая Малышка ауылында жүздеген адам эвакуацияланды