17 сәуірде парламенттің төменгі палатасы "Масс-медиа туралы" даулы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, сенатқа жолдады.
"Аманат" партиясының депутаты Жанарбек Әшімжановтың айтуынша, бұл заңда "журналистердің мәртебесін арттыру, құқықтарын нығайту, міндеттерін қайта қарау, журналистердің артықшылықтарын кеңейтуге бағытталған нақты ұсыныстар" көзделген.
"Заң жобасында жекелеген журналистерге оңайлатылған аккредиттеу құқығын беретін баспасөз картасын енгізу жөніндегі норма ұсынылған. Ашығын айту керек, бұл норма жұмыс тобында, жалпы қоғамда үлкен пікірталас тудырды. Жұмыс тобы мүшелерінің басым бөлігі бұл норманы демократиялық принциптерге қайшы, журналистерді алалау, жан-жақты ақпарат таратуға кедергі келтіретін норма деп бағалады. Сондықтан бұл норма бойынша нақты шешім қабылданды, "пресс-карта" туралы норма жойылды" деді депутат.
Биыл қаңтарда парламент мәжілісінің депутаттары "Масс медиа туралы" заң жобасына бірнеше өзгеріс енгізуді ұсынды. Онда аккредитациясы жоқ шетелдік БАҚ пен оның журналистерінің жұмысына тыйым салу, оған қоса, "заң талаптарын бұзған" шетелдік БАҚ-тың жұмысын сот шешімінсіз-ақ тоқтатып қою қарастырылған.
Депутаттар ұсынған өзгертулер күшіне енсе, сыртқы істер министрлігі “Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда” шетелдік ақпарат құралдарының өкілдіктері мен олардың журналистеріне аккредитация бермеу құқығына ие болады. Сонымен бірге бұл өзгеріс аккредитация алмаған шетел ақпарат құралдары мен журналистеріне кәсіби қызметімен айналысуына тыйым салады.
Қаңтарда Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азат Еуропа/Азаттық медиакорпорациясының Қазақ қызметі – Азаттық радиосының 30-дан астам тілшісіне аккредитация бермейтінін хабарлаған. Сарапшылар, азаматтық белсенділер, өзге басылымдардың журналистері мұны сөз еркіндігіне жасалған шабуыл деп бағалаған. Азаттық редакциясы СІМ үстінен сотқа шағым түсірген.
Бұған дейін International Press Institute ұйымы Қазақстанды шетел БАҚ-тарын аккредитациялау туралы түзетулерден бас тартуға үндеген.
Бұған дейін "ЛГБТ-ны насихаттағандарды" қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынатын түзету енгізілуі мүмкін деген қауіп айтылған. 17 сәуірде мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов ақпарат құралдарына берген сұхбатында мұндай өзгеріс енбегенін мәлімдеді.