Қазақстан Қашағанды игеруші компаниялардан өндіріп алғысы келетін өтемақы көлемін 150 млрд долларға дейін арттырды деп жазды дереккөзге сүйенген Bloomberg агенттігі.
Былтыр көктемде Қазақстан Қашағанды игеруші North Caspian Operating Company N.V. (NCOC) консорциумынан "тендер тәртібін бұзғаны үшін", "келісімшарттағы міндеттемелерді толық орындамағаны үшін" халықаралық сот арқылы 15 млрд доллар өтемақы өндіруге тырысқаны хабарланған. Енді Қазақстан сол өтемақы көлемін 150 млрд долларға дейін арттырып отыр.
"Қосымша шағым 138 млрд доллар көлемінде жоғалған кіріске қатысты. Бұл үкіметке уәде етілген, бірақ кенішті игерушілер қол жеткізе алмаған мұнай өндіру құны" деп жазды Bloomberg.
Қазақстан энергетика министрлігі 17 сәуірде Reuters-ке сот шағымының жай-жапсарын айта алмайтынын жеткізген.
Қашаған операторлары да кеніш өнімдерін бөлісуге қатысты бірқатар дау болғанын растағанмен басқа ақпарат айтпаған.
Reuter-тің жазуынша, бұл дау-дамай "бұрынғы совет одағы аумағында жұмыс істеп жатқан шетел компаниялары үшін тәуекелдер барын аңғартады" және "ірі компания мен қазақ үкіметі арасындағы көп соттардың бірі".
Каспий қайраңында, Атыраудан 80 шақырым жерде орналасқан Қашаған кен орны North Caspian Operating Company компаниясына қарайды. Консорциум америкалық Shell, Exxon Mobil, қазақстандық "ҚазМұнайГаз", еуропалық Eni және Total компанияларынан құралған. Қашағанда мұнай өндіру 2016 жылы басталды. Ресми дерек бойынша, кен қоры – 4,8 млрд тонна, жоба операторының мәліметінше, 6 млрд тонна.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан билігі мен Қашаған операторлары арасында соттар 2020 жылдан бері жиілеген. Бірнеше жыл бұрын Қашаған акционерлері мемлекетті сотқа беріп, "салықты тексеру жұмыстарына" қарсы шыққан, бюджетке де қатысты талас болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан Қашаған мен Қарашығанақтағы мұнай өндіруші компаниялармен неге соттасып жатыр?