Орал маңында Жайық деңгейі қауіпті межеден асты

20 сәуірде Жайық өзені 24 сантиметрге көтеріліп, 8,52 метрге жетті. Орал қаласы үшін 8,5 метр қауіпті меже саналады.

Қаланың түрлі бөліктеріндегі саяжай массивтерін су басып жатыр. Бұған дейін "Вишенка" бағбандық серіктестікті су алған. Жайықтың сағасы Шаған өзені көтерілгеннен кейін тұрғындардың ауласы мен үйлеріне су кірген.

"Бірнеше күн бойы әкімдіктен көмек сұрадық, бірақ бізге ешкім келген жоқ. Бізді су басып жатыр десек те, реакция болған жоқ. Өз күшімізбен күрестік. 20 сәуірде таңертең үйлерімізді су басты. Тек содан кейін ғана техника келіп, жағаларды бекітуге кірісті, бірақ ол кезде су кіріп кеткен еді" дейді "Вишенка" тұрғыны Айнагүл (аты-жөні өзінің өтінішімен өзгертілді).

Қазір де Шаған суы саяжайларды басып жатыр дейді ол 21 сәуірде Азаттыққа.

Ал аймақ билігі ақпарат құралдарына оқиға орындарынан ақпарат таратуға тыйым салды. Бұған дейін Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдай департаменті бастығының орынбасары Қанат Қарабалаев брифинг кезінде журналистерге су басқан аймақтарға баруына тыйым салынғанын айтқан. Тыйымды олар журналистер мен операторлардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнбес үшін жасалып отырған шара деп түсіндірді.

Енді аймақты дронның көмегімен де түсіруге тыйым салынған.

"Қазақстанның әуе кеңістігінде дрондарды пайдалану ережесіне сәйкес, төтенше жағдайды жою бойынша шаралар жүргізіліп жатқан аумақтардың маңында немесе ішінде дрон ұшуға тыйым салынады" деді шенеунік.