Тегерандағы Ислам революциясы сақшылары корпусы (ИРСК) күштерінің қолбасшысы Хасан Хасанзаде елде әйелдердің киім үлгісін қатаң түрде сақтау мәселесі бойынша жаңа құқық қорғау құрылымы құрылғанын жариялады.
ИРСК жетекшілерінің бірінің айтуынша, жаңа құрылымның қызметкерлері әйелдердің қоғамдық орындарда хиджабты "жауапкершілікпен" тағуын қамтамасыз ету үшін арнайы дайындықтан өткен.
Бұл хабар Иран билігі кейінгі күндері моральға сәйкестікті тексеруді күшейткені жөнінде ақпарат тарағаннан кейін пайда болды. Желіде жарияланған суреттерге қарағанда, рейдке шыққандар әйелдерге дөрекі қылық көрсеткен. Бұл туралы Азаттықтың Иран қызметі - Фарда радиосы жазды.
2022 жылы қыркүйекте Иранның әдеп полициясы студент Махса Әминиді "хиджабды дұрыс тақпады" деп ұстағаннан кейін ол ауруханада қаза тапты. Осыдан кейін Иранда басталған жаппай наразылық бірнеше айға созылған. Билікпен қақтығыстар кезінде жүздеген адам қаза тауып, билік мыңдаған адамды қамауға алды, кейбірін дарға тартты.
Иран заң шығарушыларының кейбірі қазіргі жағдайда, аймақтағы әскери қақтығыстарға байланысты режимді күшейтуге күмәнмен қарайды. Алайда Иран ішкі істер министрлігі басшылығы дресс-кодқа байланысты жаңа шаралар мен кейінгі болған рейдтерді қолдап, мұның бәрі "заң аясында" істеліп жатыр деп мәлімдеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Иранда Махса Әмини туралы жазған журналистер түрмеден уақытша босатылды