Украина президенті Владимир Зеленский Киев соғысқа қажет болып отырған қару-жарақ алатын болса, Украина қарулы күштерінің майданда алға шығуға мүмкіндігі бар деп мәлімдеді. Украина басшысы бұл сөзін NBC телеарнасына берген сұхбатында айтты. Оның алдында АҚШ конгресінің өкілдер палатасы Украинаға 60 млрд 800 млн доллардың көмегін беруді мақұлдаған.
Зеленский NBC-ге берген сұхбатында Украинаға алыстағы нысанаға жететін қару түрлері мен әуе шабуылынан қорғанатын әскери жүйелер қажет екенін айтты. Украина президенті АҚШ конгресі Киевке көмек беруді мақұлдаған соң, Америка әкімшілігі Украина армиясына майданға аса қажет болып отырған қару-жарақ пен әскери құрал-жабдықты тез жібереді деп үміттенеді.
"Қазір жағдайды тұрақты етіп, алға шығуға мүмкіндік бар, сондықтан бұл қару-жарақ жүйелері бізге шынымен де керек", - деді Владимир Зеленский.
Укрина президенті соғыс қашан аяқталатыны украин әскерінің көмекті алғанына байланысты дейді. "Көптеген өзгеріс, көптеген фактор бар" деген Зеленскийдің сөзін "РБК-Украина" сайты жариялады.
Өткен аптада АҚШ өкілдер палатасы көп айға созылған талқылаулардан кейін Украинаға көмек беруді мақұлдады. Украина президенті бұл шешім "мыңдаған адамды ажал аузынан аман алып қалады" деп мәлімдеді.
Зеленский америкалық саясаткерлерге Украинаны қолдағаны үшін разы болды. Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Конгресс шешім қабылдаған күн "Путин үшін жаман күн" болғанын айтты. "Американың не үшін және кім үшін сөйлейтінін қорғауға келгенде сескеніп кетуі мүмкін деп ойлайтындар үшін жаман күн" деп жазды Кулеба Х әлеуметтік желісінде. Ол осы шешімнің әсерін Украина әскері майдан шебінде жақын арада сезеді деп үміттенеді.
Жиынтығы 95 млрд доллардан асатын әскери көмек қарастырылған заң жобасы Украинаға қоса Вашингтонның одақтастары Израиль мен Тайваньға да жәрдем беруді көздейді. Сенбі күні өкілдер палатасы төрт заң жобасынан тұратын пакетті көпшілік дауыспен мақұлдады. Енді құжатты сенат қарайды. Сенат мақұлдаса, құжат президент Джо Байденге қол қоюға жіберілмек.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков АҚШ конгресі өкілдер палатасының Киевке көмек көрсету туралы шешімі "Американы одан әрі байытып, Украинаны одан әрі құртады" деп мәлімдеді. "Ресейдің бұғатталған активтерін тәркілеу АҚШ имиджіне нұқсан келтіреді және инвесторларды қорқытып-үркітеді" деді Песков. Оның пікірін ресейлік ТАСС агенттігі жариялады.
АҚШ конгресі Украинаға әскери көмек бөлу мәселесін былтыр күзден бері талқылап келді. Өкілдер палатасында көпшілік дауысқа ие демократтар мен республикашылар айтысып-тартысып, тоқетер шешімге келе алмаған еді. Киевке көмек пакеті АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік туралы бірыңғай заң жобасының бөлігі болды, республикашылдар елдің оңтүстік шекарасын қорғау шаралары жоғын алға тартып, заңдар жобасы пакетін қабылдауға қарсылық танытқан.