22 сәуірде Ақмола әскери гарнизоны соты "13 адамды асқан қатыгездікпен азаптады" деп айыпталған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы төрт қызметкеріне түрме жазасын кесті. Судья Астанадағы уақытша қамау изоляторында тек ҰҚК кіре алатын арнайы қабат болғанын жариялап, оны тексерткізу жөнінде жеке ұйғарым шығарды.
Сот ҰҚК подполковнигі Еркін Амановты 6 жыл, 6 айға, майор Хамит Әбдуғани мен капитан Қайрат Сартаевты бес жылға, ал шекара қызметі күзеті тобының маманы Қуандық Мұхтархановты төрт жылға бас бостандығынан айырды. Оларға 3 жылға дейін органда қызмет етуге тыйым салып, жәбірленушілер қорына 20 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлем төлеуге міндеттеді.
ҰҚК-ның бұрынғы қызметкерлері Семейдегі "Алел" қаржы-инвестициялық компаниясы игеріп жатқан Суздаль алтын кенішінде бағалы металдарды жымқырды деп айыпталған 13 адамды "топ болып жәбірледі, асқан қатыгездікпен азаптады" деген айып тағылған.
– 2020 жылы 25 қыркүйекте Астана қалалық қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығы, ҰҚК 5-ші департаменті бастығы, Астана қаласы прокурорымен біріккен жоспар жасалып, Астанадағы уақытша қамау изоляторының үшінші қабаты ҰҚК тергеп жатқандарды ұстау үшін бөлінген. Бұл үшінші қабатқа бейресми "спецпродол" деген атау берген. Қамалғандарды "спецпродолда" ұстау, алып жүру үшін ҰҚК төрағасы орынбасарының хаты негізінде 10 шекара қызметінің әскерилері жіберілген, – деді үкімді оқыған судья Ерлан Ибраимов.
Судьяның сөзінше, бұл арнайы қабатта ұсталған жәбірленушілерге не медициналық көмек көрсетілмеген, не олардың адвокаттарымен, туыстарымен байланысы болмаған. Ол қабатқа тек ҰҚК қызметкерлері ғана кіргенін айтқан судья, бас прокуруордың бұл істі тергеуі қажеттігі туралы бөлек ұйғарым шығарды.
Сотталушылар айыбын ішінара мойындаған. Сотталғандардың өздері де, адвокаттары да Азаттыққа пікір беруді жөн көрмеді.
Жәбірленушілер туыстары оларды көп азаптау фактісін мойындамай, тек дубинкамен, таяқпен, қолмен ұрдық деп айтып, жазаны жұмсартуға қол жеткізді дейді.
– Олар іліп қойып ұрғанын, басын унитазға батыруға тырысқанын, аузына су қайнатқыш қондырғыны, артына дубинка тыққанын мойындамады. Бірақ біз бірінші күннен бері бұлар тек орындаушы, ал оларға бұйрықты тергеушілер берді дегенді айтып келеміз. Енді туыстарымызды азаптау кімге керек болғанын білу үшін бұйрық бергендерді жауапқа тартуды талап етеміз, – деді азапталғандардың бірінің туысы Құралай Өмірбаева.
Сот процесі былтырғы 5 қазанда басталған.
ҰҚК 2021 жылы наурызда "ұйымдасқан қауіпті топ мүшелері" деген күдікпен Астана, Алматы, Павлодар мен Семей қалаларында ондаған адамды бір сәтте ұстаған. Олар "адам ұрлады", "бопсалады", "адам өлтірмек болды", "алтын ұрлады" деген күдікке іліккен. Тергеуде азапталғаны туралы арыз 28 адамнан түсіп, 46 адам азапталып, жәбір көргендер ретінде тіркелген. Бірақ сотқа дейінгі тергеу барысында тергеушілер тек 13 адамның азапталғаны дәлелденді деген қорытындыға келген. "Ұйымдасқан қауіпті топ мүшелері" деген күдікке ілінгендердің ісі Өскеменде қаралып жатыр. "ҰҚК қызметкерлері азаптады" деп шағымданғандар Өскемендегі істе күдіктілер қатарында.