НАТО жетекшісі: Ядролық қаруды орналастыру аймағын кеңейту жоспары жоқ

НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг (сол жақта), Польшаның премьері Дональд Туск (ортада) және Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак. Польша, 23 сәуір 2024 жыл.

НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг 23 сәуірде Варшаваға сапары барысында солтүстікатлантикалық одақтың ядролық қаруды орналастыру аймағын кеңейту жоспары жоқ деп мәлімдеді.

"НАТО-ның қандай да бір еліне қосымша ядролық қаруды орналастыру жоспары жоқ" деп мәлімдеді Столтенберг Ұлыбританияның премьер-министрі Риши Сунакпен бірігіп өткізген баспасөз жиынында.

Сейсенбі күні Столтенберг Сунакпен бірге Польшадағы британ әскері орналасқан орынды көріп қайтты.

Ұлыбритания премьер-министрі Лондон қорғаныс саласына бөлетін қаржысын ЖІӨ-нің 2 пайызына дейін көбейтуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл НАТО жетекшісі айтқан көрсетіштен де жоғары. Польшаға сапары қарсаңында Риши Сунак Украинаға 500 млн фунт стерлинг (622 млн доллар) көлемінде көмек көрсететінін мәлімдеді.

Украинамен шекаралас Польшаның президенті Анджей Дуда бұған дейін Нью-Йоркке сапарынан кейін Варшава Польша аумағында НАТО бойынша одақтастарының ядролық қаруын орналастыруға дайын деп мәлімдеген.

Дуданың мәлімдемесіне түсініктеме берген Польша премьер-министрі Дональд Туск одан қосымша деталдарын күтіп отырғанын айтқан.

"Бұл идея өте ауқымды әрі салмақты. Президентті бұлай мәлімдеме жасауға итермелеген жайттардың жай-жапсарын білуім керек" деді Туск.

Польша президентінің сөзіне түсініктеме берген Кремль Польшаға Американың ядролық қаруы орналасса, Ресей әскері жауап береді деді.

"Егер мұндай жоспар жүзеге асып жатса, әрине әскеріміз жағдайды талдап, қауіпсіздігімізге кепілдік болу үшін тиісті шаралардың бәрін жасайды" деді Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.

  • Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты НАТО-мен арадағы жағдай ушыққан шақта Ресей былтыр тактикалық ядролық ракеталарын Беларуське орналастырған.
  • Польша Киевтің Ресей басқыншылығына төтеп беру бойынша маңызды одақтасы. Варшава қорғалақтамай алғашқылардың бірі болып, Украинаға батыстың озық үлгідегі қаруларын берген.