Прокурор автобус жүргізушісін ұрған адамға 8 жыл түрме жазасын сұрады

Үш адам опат болған автобус апаты болған жер. Алматы, желтоқсан 2023 жыл.

Алматыда автобус жүргізушісі соққыға жығылып, соның салдарынан үш адам қаза болған көлік апатына қатысты істе жарыссөз басталды. Прокурор "Бұзақылық" және "Көлiк басқаратын адамдардың жол жүрісі не көлiк пайдалану қағидаларын бұзу" баптары бойынша айыпталған Дархан Ахметжановқа 8 жыл түрме жазасын сұрады. Бұл жөнінде жергілікті БАҚ хабарлады.

Былтыр 22 желтоқсанда Алматыда N47 автобуста жолаушы жүргізушінің басынан ұрып, шопыр есінен танып қалған. Басқарусыз қалған автобус аялдама маңында тұрған адамдарды қағып, үш адам қаза болды. Оқиғадан тағы төрт адам жараланып, ауруханаға түскен.

25 сәуір күні мемлекеттік айыптаушы жарыссөзде айыпталушының кінәсі толық дәлелденгенін айтты. Ақпаратқа қарағанда, айыпталушы жолақы төлеуді талап еткен жүргізушінің сөзіне наразы болған. Тоқтауға болмайтын жерде автобусты тоқтатуды талап еткен. Ал жүргізуші тоқтамаған. Ахметжанов ашуланып, жүргізушіні балағаттап, бетінен екі рет ұрған. Бұдан соң жүргізуші талып қалған. Автобус бірнеше адамды қағып, үш адам қаза болды.

"Құрметті сот, айыпталушыны кінәлі деп тануды сұраймын. Оның қылмысты жасағанына бұлтартпас дәлел бар. Оның қоғамдық көлік жүргізушісін ұруына құқығы жоқ. Егер жүргізуші намысына тисе, онда тиісті органдарға қайырылуға тиіс" деді прокурор.

Ол айыпталушының жүргізушінің кәсіби міндетін атқарып отырған кезде ұруы жағдайды ауырлататын факт ретінде тануды сұрады.