Тәжікстанда адам құқығы жағдайы 2023 жылы да айтарлықтай өзгере қоймады. Бұл жөнінде АҚШ мемлекеттік департаментінің есебінде айтылды.
Баяндама авторлары ел президенті Эмомали Рахмон мен оның отбасы мүшелерінің шексіз билігінің салдарынан саяси тұтқындар саны артып келеді деп атап өткен. Саяси тұтқындар арасында журналистер, құқық қорғаушылар бар.
Есепте тұтқындағы азаматтарды азаптағандардың жазасыз қалуы, сөз бостандығының шектелуі, интернетке шектеу қою секілді мәселелер де көтерілген.
Тәжікстан үкіметі елде саяси тұтқын барын мойындамайды. АҚШ мемлекеттік департамент есебінде Тәжікстанда 400-ге жуық саяси тұтқын бары айтылады.
Олардың көбі 2022 жылы Таулы Бадахшан автоном облысында болған қарсылық акциясына қатысқандар. Бұл наразылық акциясы күшпен басылды.
Тәжікстан билігі сол жылы осы өңірде "ұйымдасқан қылмыскерлерді ұстау" операциясын жүргізді. Өңір тұрғындары репрессияға қарапайым тұрғындардың да іліккенін айтқан.
Есепте президенттің шетелде қашып жүрген қарсыластарының ізін кесу оқиғасын да атап өткен. Мәселен, 2023 жылдың алғашқы жарты жылдығында 36 адам "экстремизм" және "терроризм" айыбы бойынша елге қайтарылған. Олардың бәрі ұзақ мерзімге сотталды.
Олардың арасында Ислам қайта жаңғырту партиясының лидері Шамсиддин Саидовтың ұлы Абдулла да бар. Ол "Конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге шақырды" деген айыппен жеті жылға бас бостандығынан айырылған.