Кейінгі айлардағы су тасқыны, жер сілкінісі, былтырғы орман өрті мен қуаңшылық табиғи апаттарды алдын ала болжау маңыздылығын көрсетіп отыр. Мамандардың сөзінше, әзірге Қазақстанда табиғи апаттарды болжағанда көбіне ескі тәсілдер пайдаланылады. Ал жаңа технологияны пайдалану мүмкіндіктері барған сайын түрленіп, жетіліп барады.
Eco Kundelik-ке сұхбат берген ғалым Марат Нұртас қаңтар мен наурызда Алматыда болған, жұртты шошытқан жер сілкінісін “жасанды интеллектінің көмегімен алдын ала болжай алдық, алайда ол тек ғылыми зерттеу деңгейінде ғана болған” дейді.
Ғалым мемлекет табиғи апаттарды болжау саласына көңіл бөлсе, халықты әбігерге салатын көп қиындықтардан құтылар еді дейді. Ол су тасқынын болжау дәлдігі 90 пайызға жеткенін айтты.
Your browser doesn’t support HTML5
Подкаста айтылған негізгі ой-тұжырымдарды ықшамдап береміз.
ЖЕР СІЛКІНІСІН ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ КӨМЕГІМЕН БОЛЖАУҒА БОЛА МА?
Халықаралық ақпараттық технология университетінің оқытушысы, ғалым Марат Нұртас 2023 жылы жасанды интеллектінің көмегімен жүргізілген зерттеу 2024 жылы қаңтарда жер сілкінісі болатынын 80 пайыз дәлдікпен көрсеткенін айтады.
– Біз бұл жерде 100 пайыз сенімді болдық деп айта алмаймыз. Біздің модель жақсы нәтиже көрсетті. Оны тек ғылыми мақала ретінде жарияладық. Болады-ау деп күттік. Шынымен ол болды. Дәлдігі 80 пайыздан жоғары болды. Жер сілкінісі үшін бұл өте жоғары нәтиже. Бұл жерде модель деген не? Үлкен статистикалық деректер қаншалықты модельге бейім деген сөз. Сол 80 пайыз болды, - дейді Марат Нұртас.
Ғалым өзге де мамандармен бірге Тынық мұхиты мен Еуразия тақтасының қиылысқан жеріндегі үлкен аумақта 1923-2023 жылы болған 6700 жер сілкінісін жинап, Алматыдағы сейсмология институтының деректерін қосып, жасанды интеллект көмегімен өңдеген. Жер сілкінісі туралы дерек АҚШ-тың геологиялық зерттеу институтынан алынған. Ғалымның сөзінше, онда 1900 жылдан бергі әлемдегі сейсмостанциялардан жинақталған дерек бар. Сондағы дерек 22 параметр бойынша сұрыпталып, машиналық үйретуге бейімделген.
"Machine learning немесе машиналық үйрету деген не? Мысалы, сәбиге анасы қасық ұстауды, тамақ жеуді үйретеді. Себебі бала білмейді. Бірте-бірте үйрену арқылы сондай дәрежеге жетеді. Тура сол сияқты жасанды интеллект соңғы жүз жылдық деректерді алады да үйренеді. Неден үйренеді? Сол жерде берілген әдіс бар. Сол әдістерді үйрену арқылы алгоритм жасайды. Алгоритм белгілі бір модельді құрады. Ол модель machine leraning деп аталады. Сол модель арқылы біз деректерді енгіземіз. Сол кезде адамның минималды түрде араласуымен жасанды интеллект шешім қабылдайды. Сол кезде бізге шешім қабылдап, жер сілкінісінің орны мен магнитудасын көрсетті" дейді ғалым.
Наурыздағы жер сілкінісін де ғалым мен оның командасы дәл болжай алған. Екі жер сілкінісі сәйкес келгеннен кейін олардың ғылыми жұмыстарына көбірек назар аударыла бастаған.
Табиғи апаттар арасында болжау жағынан ең қиын апаттардың бірі жер сілкінісі. АҚШ-тың геологиялық қызметінің мәліметінше, технология қаншалықты қарыштап дамыса да жер сілкінісін алдын ала болжау (яғни, нақты қашан, қай жерде және қанша магнитуда болатынын айту) өте қиын.
Марат Нұртастың сөзінше, бұл өте күрделі мәселе, себебі жер сілкінісіне әсер ететін факторлар өте көп: Күн белсенділігі, электромагниттік өріс, аномалия және тағы басқа жайттар. Дегенмен жасанды интеллект, big data, спутник суреттерін пайдалану арқылы жасалған кейбір болжамдар салыстырмалы түрде "жақсы нәтиже беріп отыр".
"Алда-жалда болжамдарыңыз тағы солай 5-тен жоғары жер сілкінісі болуы мүмкін екенін көрсетсе, сіздер халыққа ескертесіздер ме?" деген сұраққа ғалым төмендегіше жауап береді.
"Бұл үлкен жауапкершілік. Бұл жеке менің немесе институттың мойнындағы нәрсе емес. Біз зерттеушіміз ғой. Бұған дейін әркім өз бетінше зерттеп жүрді ғой. Ең бірінші ол сейсмология институтының жауапкершілігінде ғой. Сосын оларға көмек ретінде бізбен, яғни, ионосфера институтымен бірікті. Физика технология институты деген институт бар. Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті бар. Солар бәріміз бірігіп, үлкен бір жобаны үкіметке ұсындық. Біз осыған дейін жасалған зерттеулерге жасанды интеллектіні қосайық деп отырмыз. Үлкен база құрайық. Олардың істеген моделі бар, ана кісілердің моделі бар, біздің модель бар. Себебі, жер сілкінісіне әсер тететін фактор өте көп. Солардың барлығын барынша біріктірейік. Әр модельді құрайық бір порталда дедік. Біздің идея қолдау тауып жатыр. Енді сәтті болып жатса, қыркүйекте нақты шешімі болады" дейді ғалым.
Қаңтар мен наурыз айларында Android жүйесі жер сілкінісі болатынын бес секунд бұрын ескертіп үлгерген. Бұл жөнінде ғалымның пікірі мынадай:
"Бұл жерде Android болжады деуге келмейді. Android жүйесі ол үлкен порталдарға негізделеді. Меніңше, ол сол USGS-тің деректерін пайдаланып отыр. Айталық, сейсмостанция Қытайда жер сілкіне бастаған кезде Android сол эпицентрден келген деректі алады да, сол жер сілкінісі таралуы мүмкін аймақтың қолданушыларына ескерту жібереді. Яғни, ол тек толқын секундына қанша жылдамдықпен жүреді деген нәрсені есептейді" дейді Марат Нұртас.
СУ ТАСҚЫНЫН БОЛЖАУҒА БОЛА МА?
Мамандардың сөзінше, жер сілкінісіне қарағанда су тасқынын жасанды интеллект, спутник суреттері және өзге де тәсілдермен болжау салыстырмалы түрде "жеңілдеу".
Ғалым Марат Нұртастың сөзінше, Google AI-дың су тасқынын болжау әдісі 90 пайыз дәлдік көрсеткен. Бұл әдіс су тасқынын кемінде бір апта алдын ала болжауға мүмкіндік берген.
"Мына Ертіс өзеніне де Google AI-дың бір датчигі орнатылған екен. Керемет екен. Істеп тұр. Енді оларға хат жаздық. Осы нейрожелілер, спутниктік, гидрология институттарының деректерімен керемет модельдеуге болады. Бұл 100 пайыз әлемде істелініп жатыр. Біз бірлесіп, гидростанциялар, су бассейніне датчиктер орнату арқылы модельдер жасауға болады. Өкінішке қарай бізде ғалымдардың бастары бірікпейді. Біреу біреудің нанын тартып алады дей ме екен. Мысалы, мен айтып жатсам, гидрологтар "бұл жер сілкінісін болжап жүр, енді су тасқынына көшіп кетіпті" деп ренжуі мүмкін. Мен олардың жұмысына кіріспеймін. Мен деректерді өңдейтін маман болғаннан кейін соны түсінетін, модельді құратын маман болуы керек" дейді ол.
Оның сөзінше, орман өртіне қатысты да болжамдарды датчиктер және спутник суреттері арқылы жасауға болады.
"МАМАНДАРДЫ БАҒАЛАП, ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ"
Ғалым Нұртастың сөзінше, табиғи апаттарды болжау саласында цифрландыруға қатты көңіл бөлу қажет. Бұл тұста үлкен деректермен жаттығу жасауға мүмкіндік беретін үлкен сервер, суперкомпьютерлер керек.
Екіншіден, деректер қорын стандарттауға көп мән беру керек. "Қазгидромет", Сейсмология сияқты институттардың кейбір тарихи деректері сары қағаз бетінде әлі жатыр. Ол деректер өте маңызды. Соларды электронды нұсқаға түсіріп, түсірген кезде де дата жинақтау стандартына сәйкес "нормализациялау" қажет. Бұған қоса, мамандардың басын қосып, жұмыстарын үйлестіру қажет, себебі қазір кімнің не істеп жатқаны түсініксіз.
"Бізде бәле келген кезде ғана қозғала бастайды ғой. Әлгінде су тасқыны болған кезде "ойбай, не істейміз, Голландиядан, Ресейден ғалымдар шақырайық" деп жатты ғой. Бізде мамандарды бағаламайды. Қолда бар ресурсты пайдаланбайды. Мамандар жоқ емес, бар. Біз – халықаралық ақпараттық технология университетінің мамандары бар. Астана IT университетінің мамандары бар, Назарбаев университеті, Қазақ британ техникалық университетінің мамандары бар. Қаншама маман жүр, оларды қаржылай болмағандықтан олар тасада қалып жатыр не шетелге кетіп жатыр. Сол мамандарды шақырып, жобаларды қаржыландырса, олар да шетел мамандарынан артық істемесе кем істемейді. Үкімет жас мамандарды ұстап қалуы керек" дейді ол.
Марат Нұртастың сөзінше, Data science-тің қуатын тек табиғи апат қана емес, барлық салада да пайдалануға болады және бұл тұста ғалым әріптестікке де ашық екенін айтады. Мысалы, кез келген салада айталық, биология, география, экономика, су саласында деректер бар. Үлкен дерекпен коммуникация жасау арқылы көбірек нәтижеге қол жеткізуге болады.
"Дерек бүкіл салаға керек. Биология, экономика және тағы басқа. Егер сондай мамандар керек болса, бізге келсін. Үшінші курстан бастап арнайы курстар болады ғой. Біз жүргізіп, сол мекемелерге маман дайындап береміз. Шетелден маман шақырудың қажеті жоқ. Бәрі өзімізде бар. Өте тез уақытта айтқаныңды қағып алады да істейді. Сондықтан құлақтарына алтын сырға" дейді Марат Нұртас.
Толығырақ подкастан тыңдаңыз.
Подкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, Apple Podcasts, Google Podcasts платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан, Spotify-дан тыңдай аласыздар.