Түркіменстанда шенеуніктерді Бердімұхамедовтің суреті бар сағаттарды сатып алуға мәжбүрлеп жатыр

Түркіменстанда Гурбангулы Бердімұхамедов пен оның ұлы Сардардың суреті бар қол сағаттарды бюджеттік ұйымдардың басшыларының бәрі сатып алуы тиіс. Денсаулық сақтау, білім беру, күш құрылымдары, көлік және байланыс кәсіпорындары, аймақ басшылары да қымбат сағатты сатып алуға мәжбүр. Бұл жөнінде Азаттықтың Түркімен қызметі хабарлады.

Қызметі жоғары басшылар екі сурет жапсырылған 3000 манаттық (858 доллар) сағаттан алады, ал шағын бюджет ұйымдарының жетекшілері арзан сағатқа 1500 манат төлейді.

«Мектеп директорлары мен орынбасарлары, ауыл медпункттерінің басшылары 1500 манаттық, ал құқық қорғау органдары, аурухана бас дәрігерлері және басқа да ірі мекемелердің жетекшілері 3000 манаттық сағаттан алады» дейді жергілікті бір мекемеде істейтін қызметкер.

Түркіменстанда жеке басқа табыну дәстүрі баяғыдан қалыптасқан. Елде президент суреттері бар сағаттар үнемі шығарылып тұрады.

Түркіменстанда мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері түрлі себептермен ақша жинауға мәжбүр. Президент кітаптарын, оның суреттерін де солар сатып алады. Осы уақытқа дейін Гурбангулы Бердімұхамедов 70-ке жуық кітап жазып тастаған, ал оның ұлы Сердар әзірге екі кітап шығарған.

«Мына сағаттарды Қытайда тапсырыспен жасатқан, сосын оларды елге алып келіп, халықты сатып алуға мәжбүрлейді. Сағат саудасын ұлттық қауіпсіздік министрлігінің органдары арқылы бақылайды» дейді жергілікті бір мектептің директоры.

Түркіменстан авторитар басқару нысанындағы ең жабық мемлекеттердің бірі саналады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түркіменстан билігі тойда экс-президенттің әнін қоюды міндеттеп жатыр