Катар АҚШ өтінішін орындап, АҚШ пен Еуроодақ террор ұйымы деп таныған ХАМАС тобының жетекшілерін өз аумағынан кетіруге дайын. Бұл туралы өз дереккөзіне сілтеген The Times of Israel басылымы хабарлады.
Америкалық The Washington Post басылымының жазуынша, АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен сәуірде Катар билігімен сөйлесіп, палестиналық ХАМАС тобы тұтқындарды босату және атысты тоқтату жөнінде Израильмен келісімге келуден бас тартса, топ жетекшілерін Катардан кетіру қажетін айтқан.
The Times of Israel басылымының хабарлауынша, егер ХАМАС Каирдегі кездесуде ұсынылған келісімнен тағы да бас тартса, Вашингтон Катарға осы өтінішті айтпақ.
Бүгін, 4 мамыр күні ХАМАС делегациясы Каирге келіссөзге аттанды. Израиль мен палестиндіктер араағайындық қызмет ұсынушы елдер: Египет, Катар және АҚШ. Reuters агенттігінің мәліметінше, АҚШ орталық барлау қызметінің жетекшісі Уильям Бернс Каирге келіп үлгерген.
The Washington Post басылымының мәліметінше, Қатар билігі палестиндік топ жетекшілеріне жаңа тұрғылықты жерді іздей беру қажетін айтып қойған.
ХАМАС 7 қазан күні Израильге шабуылдағалы бері Израиль Газа аумағында әскери қимылдар жүргізіп келеді. ХАМАС шабуылынан 1,2 мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза тапқан, 250-ден астам адам тұтқынға алынған.
Газа аумағындағы атыстарды тоқтату жөніндегі келіссөздер бірнеше айға ұласты. Израиль ХАМАС тобының жойғысы келетінін мәлімдесе, палестиндік топ атысты түбегейлі тоқтатып, Израиль Газадан толық кеткенін қалайтынын айтып отыр.
Өткен айдың аяғында Египет келіссөзді жандандыруға тағы бір мәрте талпынып көрді. Каир Израиль ХАМАС-қа қарсы күресінде Газаның оңтүстігіндегі Рафахқа кіре ме деп алаңдайды. Египетпен шектесетін бұл аймақта миллиондаған палестин босқыны бар.
27 сәуір күні Египет ХАМАС-қа Израиль ұсынысын жеткізген. Ол бойынша, ХАМАС Газада ұстап отырған 20-40 азаматты тұтқыннан босатуы керек, ал Израиль атысты тоқтатпақ.
Египеттегі дереккөздер кейінгі кездері екі жақ та мәмілеге келе бастағанын, соның әсерінен келіссөзде оң өзгеріс барын айтады. Бірақ Израиль Рафахқа бәрібір кіретінін мәлімдеп отыр.
ХАМАС тобына тәуелді Газа денсаулық сақтау министрлігі Израиль операциясынан 34 мыңнан астам бейбіт тұрғын мерт болғанын хабарлаған.