Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 мамырда Мәскеудегі әскери парадқа барады. Бұл туралы Кремльдің баспасөз қызметі хабарлады.
Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың ақпаратынша, парадқа Беларусь елінің авторитар лидері Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан президенті Сердар Бердымұхамедов және Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев келеді.
Куба лидері Мигель Диас-Канель. Лаос президенті Тхонглун Сисулит, Гвинея-Бисау басшысы Умару Сиссоку Эмбало да шеруді тамашаламақ. Батыс елдерінің лидерлері парадқа келмейді.
Тоқаевтың Мәскеудегі парадқа баратынын өткен аптада Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев ТАСС агенттігіне берген сұхбатында айтқан. Қазақстан президентінің сапары 8-9 мамырға жоспарланған.
Ресей билігі Жеңіс күнін соңғы кездері өзінің саяси мақсаттарына, соның ішінде Украинадағы басқыншылық соғысын ақтауға пайдаланып жүр. 2022 жылы Ресей Украинаға басып кірген соң Мәскеудегі парадқа баратын әлемдік лидерлердің қатары азайды.
Былтыр Мәскеудегі парадқа Орталық Азия елдерінің басшылары, Александр Лукашенко және Армения премьері Никол Пашинян барған. Биыл Пашинянның Мәскеудегі шараға келетіні хабарланбады. Таулы Қарабақтағы жағдайға байланысты кейінгі кезде Ресей мен Арменияның арасы суып кетті.
Былтырғы парадта Путин Батыс елдерін "русофобияны күшейтті", "отбасы құндылығын бұзды" деп айыптаған. Мұндай сөзді ол Украинада соғыс басталғалы жиі айтып жүр.
Сарапшылар Орталық Азия лидердерінің Мәскеудегі 9 мамыр парадына баруы олардың сыртқы саясатты өз бетінше шешім қабылдамайтынын, Ресейге экономикалық тұрғыда тәуелді екенін көрсетеді деген.