Ресей президенті Владимир Путин мен Армения премьер-министрі Никол Пашинянның 8 мамырдағы кездесуі кезінде екі жақ Арменияның бірнеше облысынан ресейлік шекарашылар мен әскерді әкетуге келісті. Армян депутаты Айк Конджорян таратқан мәліметті 9 мамырда Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков растады.
Песковтің айтуынша, дегенмен Арменияның Түркия және Иранмен шекарадағы бөлігінде "армян жағының өтініші бойынша" ресейлік шекарашылар қалмақ.
"Неміс толқыны" сайтының жазуынша, бұған дейін Армения парламентіндегі басқарушы фракцияның жетекшісі Айк Конджорян Пашинян мен Путин 2020 жылдан бері Арменияның бес облысында орналасқан ресейлік шекара және әскери бекеттердің қызметін тоқтату туралы келісімге келгенін айтқан. Мәселе Тавуш, Арарат, Сюник, Вайоцдзор, Гегаркун облыстары жөнінде болып отыр.
Ресейлік шекарашылар Арменияда 1992 жылғы мемлекетаралық келісімге сәйкес орналастырылған. Олар армян-түрік және армян-иран шекарасында және Еревандағы "Звартноц" халықаралық әуежайының жекелеген бақылау-өткізу пунктерін күзетіп келген. Ақпаратқа қарағанда, енді 1 тамыздан бастап "Звартноц" әуежайындағы ресейлік шекарашылардың қызметі тоқтатылады.
- 2024 жылы 17 сәуірде Ресей Таулы Қарабақтан бітімгер әскерін шығара бастағаны белгілі болған. Көп ұзамай Армения мен Әзербайжан шекараларының бір бөлігін анықтау бойынша алғаш рет келісімге келді. Ереван Әзербайжанға төрт ауылды беруге келісті. Екі жақ шекараларына делимитация жүргізбек.