Қазақстанның БАӘ-дағы елшісінің кеңесшісі Сәкен Мамаштың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы 10 мамырда Астана қаласы полиция департаменті хабарлады.
6 мамырда Сәкен Мамаштың әйелі Карина Мамаш 10 жылдан бері күйеуінен зорлық көріп келе жатқанын мәлімдеп, Қазақстан билігінен көмек сұраған еді. Оның видео мәлімдемесін әйелдер құқығын қорғаумен айналысатын "НеМолчи.KZ" қоры жариялады.
Полиция қазір Сәкен Мамаштың ісіне қатысты сараптама тағайындалып, тергеу басталғанын, басқа ақпараттар тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайтынын айтты.
6 мамырда сыртқы істер министрлігі Қазақстанның БАӘ-дағы елшісінің кеңесшісі Сәкен Мамашты елге қайтарып жатқанын хабарлаған.
9 мамырда Карина Мамаш БАӘ-дан Астанаға келіп, балаларымен бірге дағдарыс орталығына орналастырылған.
- Amnesty International құқық қорғау ұйымы 2023 жылғы есебінде Қазақстанда әйелдер мен қыздар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайтынын айтып, "былтыр қаңтар мен тамыз аралығында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза тапқан 64 адамның көбі (бәлкім, бәрі) – әйел" дейді.
- Биыл 15 сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылық пен балаларға жасалған зорлық-зомбылықтың барлық түріне жазаны қатаңдатуды көздейтін заңға қол қойды. Оған сәйкес, ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру қылмыстық әрекетке жатқызылып, бұрынғыдан қатаң жаза қарастырылған.
- Бұл заң азаматтық некедегі әйелі 31 жастағы Салтанат Нүкенованы "қатыгездікпен өлтірді" деген айып тағылған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың үстінен қозғалған іс сотта қаралып жатқан тұста қабылданды.