9 мамырда Совет одағының туын көтерген адамдармен шекісіп қалған белсенді Жанболат Шәйзада бес тәулікке қамалды. Алматы қалалық әкімшілік соты оны “ұсақ бұзақылық” бабы бойынша кінәлі деп таныды.
Сот шешімінде оның "қоғамдық орында жүріп, келе жатқан көліктерді өз бетімен тоқтатып, жанжал шығарып дөрекілік көрсетіп, былапыт сөздер айтқаны, көліктен тулардың көшірмелерін жұлып алып қоғамдық тәртіпті бұзғаны" жазылған.
Бұған дейін белсенді Азаттыққа өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтқан. Ол “балағат сөз айтқаным рас, бірақ ешқандай тәртіп бұзбадым” деген. Белсенді 9 мамыр кешке ұсталған. Тараптардың шешімге шағым түсіруіне мүмкіндігі бар.
9 мамырда әлеуметтік желіде ер адамның Алматы көшесінде көлікке ілінген Совет одағының туын алып, көліктегі адамдармен сөзге келіп қалғаны бейнеленген видео тараған. Жанболат Шәйзаданың айтуынша, оқиға 9 мамырда күндіз болған. Ол СССР-дың туын желбіретіп жүруді "арандату" әрекеті деп санайтынын жеткізді.
Советтік империя тұсында миллиондаған халқы ашаршылық пен қуғын-сүргіннен қырылған Қазақстанда СССР символикаларын отарлаушылық, құлдық санамен байланыстыратындар бар.