Әзербайжан және Арменияның сыртқы істер министрлері 11 мамырда Алматыда Оңтүстік Кавказдағы екі ел арасында бейбіт келісім орнатуға бағытталған келіссөзді қайта жалғастырды.
Қазақстанның ең ірі қаласындағы келіссөз Ереванда өткен айдағы шекараны демаркациялау келісіміне қарсы шерулер тұсында өтіп жатыр.
Арменияның сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян 10 мамырда Ереван бейбіт келісімге ғана емес, көлік жолдарын ашуға дайын екенін білдірді.
Мирзоян мен оның әзербайжан әріптесі Жейхун Байрам соңғы рет келіссөзді ақпанда Берлинде өткізген.
19 сәуірде қол қойылған хаттамада Ереван мен Баку шекараның жекелеген аумақтары бойынша алдын ала келісімге келгені жазылған. Құжатқа қарағанда, Армения 1990 жылдан бері Ереван бақылауында болған төрт ауылды Бакуға қайтарған.
Бұл келісімге армян архиепископы қарсы шықты. Ереванда архиепископ бастаған шеруге қатысқан ондаған мың адам премьер-министр Никол Пашинянның оставкасын талап еткен.
Шекара туралы келісімді АҚШ пен Еуроодақ, Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян да жылы қабылдаған. Ал Арменияның оппозиция күштері Пашинянды ешқандай кепілдіксіз территориядан бас тартты деп айыптады.
Әзербайжан мен Армения 1980 жылдың соңынан бері қақтығысып келді. Екі ел арасындағы қақтығыс 1994 жылы аяқталғанымен, шекара мен Таулы Қарабақ мәселесі шешілмей қалған. Әзербайжан аумағындағы Таулы Қарабақта көбіне армяндар тұрған, соғыс кезінде бұл аймақ Бакуден тәуелсіздігін жариялап алған.
Бұл аймақ үшін екі ел арасында 1994 жылдан кейін де бірнеше рет қақтығыс болды. 2020 жылы күздегі әскери қақтығыстан соң Әзербайжан Таулы Қарабақтың бір бөлігін қайтарып алған. Ал 2023 жылы толық бағындырды. Қарабақта тұратын 100 мыңнан аса армян Арменияға көшкен.