Алматыда феминистік белсенділер бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа өмірлік жазаны талап етіп наразылыққа шықты. Дүйсенбі күні кешке қарай Астана соты әйелін қатігездікпен өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевты 24 жылға бас бостандығынан айырған. Оның туысы "қылмысты жасырды, хабарламады" деп айыпталған Бақытжан Байжанов төрт жыл түрмеге кесілген.
“Власть” сайтының жазуынша, сот үкімі шыққаннан кейін Алматыда “Феминита” бастамасы өкілдері Арбаттан Қазақ ұлттық опера және балет театрына дейін шерулетіп жүрген. Олар Қуандық Бишімбаевқа одан да қатаң жаза тағайындауды талап еткен.
“Сот үкіміне келіспейміз, ол өмір бойы түрмеде отыруы керек. Ол бәрібір мерзімінен ерте шығып алады, сіздерді үнсіз қалмауға шақырамыз. Егер сіздерде ерік пен жігер болса, күресіңіздер” деді “Феминита” бастамасының өкілі Жанар Секербаева.
Бұған дейін жәбірленуші тарап Бишімбаевқа өмірлік жаза берсе, әділ үкім болады деп санайтынын айтқан. Сот үкімі оқылғаннан кейін Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді "Бишімбаев 68 жасында түрмеден шығады, бұл өмірлік жазамен пара-пар" деп мәлімдеп, үкіммен келісетіндіктерін жеткізді. Ал Бишімбаевтың адвокаттары үкімге шағым түсіретінін айтқан.
Сот үкім шығарар кезде Бишімбаев пен Байжановтың кәмелетке толмаған балалары барын ескерген. Ал Бишімбаевтың бұрын сотты болғанын және қылмысты мас күйде жасағанын жағдайды ауырлататын жайт деп таныған. Тараптар сот үкімімен келіспесе, 15 күннің ішінде апелляциялық шағым түсіруге құқылы.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сот Бишімбаевты 24 жылға, Байжановты 4 жылға түрме жазасына кесті