АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен сейсенбі, 14 мамыр күні таңертең Украина астанасы Киевке барды.
АҚШ шенеуніктерінің сөзінше, Блинкен сапарының мақсаты — АҚШ-тың Украинаны Ресей агрессиясынан қорғауға және ел қауіпсіздігіне ұзақ мерзімде көмектесуге дайын екенін баса айту. Бұл жөнінде Associated Press агенттігі өз дереккөздеріне сүйеніп хабарлады.
Мемлекеттік департамент мәліметінше, Блинкен екі күндік сапары кезінде "майдандағы ахуалды, оған АҚШ-тың жаңа көмегі қалай әсер ететінін, ұзақ мерзімді қауіпсіздікті және Украина экономикасын қалпына келтіруді тездету жөніндегі жұмыстарды талқылау" үшін президент Владимир Зеленскиймен және басқа да жоғары лауазымды адамдармен кездеспек.
Ресей Украинаға соғыс ашқалы Блинкен Киевке төртінші рет барып отыр. Сәуірдің ортасында АҚШ конгресі көп айға созылған талқылаулардан кейін Украинаға көмек беруді мақұлдаған.
Блинкен көмекшілерінің бірі Украинаның артиллерия, зенит қаруын және алыс қашыққа ұшатын баллистикалық ракеталарды алғанын мәлімдеді. Ақ үй Киевке 7 жарым млрд доллар көлемінде көмек бара жатқанын хабарлаған.
АҚШ өкілдерінің айтуынша, Энтони Блинкен сейсенбіде Киевте сөз сөйлейді. Мемлекеттік хатшы онда Украинаның агрессияны тойтарудағы "стратегиялық жетістіктерін" айтады деп отыр.