"Әскерге 6 ай бұрын барғандар күнде ұрады, басымнан тебеді" деп Азаттыққа шағымданған сарбаз Сапархан Қауынбайдың арызы бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтап қалды. Ішкі істер министрлігі оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасының хабарлауынша, қылмыстық құқық бұзу фактісі анықталмаған.
Сарбаз арызында Ұлттық ұланның Алматы облысындағы №3660 әскери бөлімінде қызмет етіп жүрген бірнеше адамды атап, олар "ақша сұрайды, басымнан ұрады, сейілге шыққанда қалаған затын алып келуді бұйырады" деген.
Тергеуші Әділет Айдарбаевтың айтуынша, сарбаздың әскерде әлімжеттік көргеніне дәлел жоқ. Оның сөзінше, тергеуде ешкім айыпты мойындамаған.
"Cарбаз Қауынбай арызында көрсеткен адамдардың бәрінен жауап алынды. Бәрі айыпты жоққа шығарды. Сапархан Қауынбайдың сөзіне куә табылған жоқ. Бөлімдегілердің бәрі оны біреудің ұрғанын көрген жоқпыз, білмейміз деп отыр", – деді тергеуші Азаттыққа.
Сарбаздың әкесі Ғани Алтаев тергеу әділ өткеніне сенбейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, баласына екі рет сот-медицина сараптамасы жасалған. Сараптама қорытындысында "мидың маңдай және төбе жағында патологиялық толқындар бар, осы жағы зақымданған болуы мүмкін" деп жазылған.
Тергеуші Әділет Айдарбаев сараптама көрсеткен аурулар сарбазда бұрыннан, әскерге дейін болған дейді.
"Ұрып-соғудан зақым алмаған, басы таза деп шықты. Мұрыны ауырады екен, ол суық тигеннен болған", – деді Айдарбаев.
Ғани Алтаев тергеу барысын бақылай алмағанын айтты. Әскери тергеу басқармасы "бала кәмелетке толған" деп әкесін тергеуден шеттеткен. Алтаев бұған наразы болған.
"Адвокат жалдауға қаражатым болмады. Мені тергеуден әдейі шеттетіп тастады. Баланың өзі әскерде жүр. Сол үшін бұл істі ешкім бақылай алмады. Балама да, маған да тергеудің тоқтап қалғанын кеш айтты. Оған тіпті тергеу барысы баяндалмаған", – деді Алтаев Азаттыққа.
Тергеуші Әділет Айдарбаев "тергеу бейтарап өтті" деді. Оның сөзінше, Сапархан Қауынбайдан алты ай ерте барған сарбаздардың әрекеті бойынша қозғалған іс №3660 әскери бөліміндегі әскери полицияға жолданған. Ол іс қазір қай сатыда екені белгісіз.
Your browser doesn’t support HTML5
- Былтыр желтоқсанның басында Ғани Алтаев әскерде жүрген ұлының денсаулығы нашарлағанын айтып, әскери бөлімнен оның денсаулығын тексеруді талап еткен. Алтаев ұлы әскерге алынғалы жүдеп, 12 келі салмақ тастаған.
- 20 жастағы Сапархан Қауынбай 5 желтоқсанда "әскерге 6 ай бұрын барғандар күнде ұрады, басымнан тебеді" деп Азаттыққа шағымданған. Ол кезде Қауынбай №3660 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген. Әскери бөлім командирі сарбазды әкесінің шағымынан кейін басқа бөлімге ауыстырған.
- Сапархан Қауынбайдың арызынан кейін былтыр желтоқсанда Қылмыстық кодекстің "билікті асыра пайдалану" бабының бірінші бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
- №3660 әскери бөлімінің командирі Жангелді Әбдіқадыров сарбаз Қауынбайдың сөзін жоққа шығарып, "бөлімде ондай фактілер болған жоқ" деп мәлімдеген.
- Ресми дерек бойынша, әскерде азаматтық борышын өтеп жүріп қаза тапқан сарбаздардың 20 пайызы суицидтен өлген. Бұған дейін қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов әскерде әлімжеттік барын жоққа шығарып, "сарбаздар суицидінің 99 пайызының әскери борыш өтеуге қатысы жоқ" деген. Министр әскердегі сарбаздар қазасын "адамның өз ішіндегі мәселемен" байланыстырады.