13 мамырда Ереванда полиция қала орталығындағы наразылық акциясы кезінде 151 адамды ұстап әкеткен. Оларды "құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабын орындамады" деп айыптап жатыр.
Бұл жөнінде "Новости Армении" агенттігі жергілікті ІІМ-ге сүйеніп хабарлады.
Наразылыққа шыққандар қала көшелерін жабуға тырысқан. Олар акцияда Армения премьер-министрі Никол Пашинянға қарсылық білдірді. Ақпаратқа қарағанда, полиция наразыларға күш қолданған. "Новости Армении" мәліметінше, 24 News және ABC Media журналистері полиция әрекетінен зардап шеккен.
Еревандағы наразылық 9 мамырда ондаған мың адам Пашинянның қызметтен кетуін талап етіп, қала орталығында митингіге шыққанда басталды. Олардың басым бөлігі — Армян апостол шіркеуі Тавуш епархиясының жетекшісі архиепископ Баграт Галстанян басқаратын "Отан үшін Тавуш" қозғалысының жақтастары. Арменияның Әзербайжанмен шекара туралы келісімі митингіге түрткі болған.
Бұған дейін Армения сыртқы істер министрлігі Ереван мен Баку шекараның жекелеген аумақтары бойынша алдын ала келісімге келгенін хабарлаған. Оның ішінде Тавуш облысы мен Әзербайжанның солтүстік-батысындағы Газах ауданы арасындағы төрт ауыл бар. 1990 жылдан бері бұл ауылдарды Армения бақылаған, енді олар Әзербайжанға өтпек.
Әзербайжан мен Армения 1980 жылдың аяғынан бері қақтығысып келді. Екі ел арасындағы қақтығыс 1994 жылы аяқталғанымен, шекара мен Таулы Қарабақ мәселесі шешілмей қалған. Әзербайжан аумағындағы Таулы Қарабақта көбіне армяндар тұрған, соғыс кезінде бұл аймақ Бакуден тәуелсіздігін жариялап алған.
Осы аймақ үшін екі ел арасында 1994 жылдан кейін де бірнеше рет қақтығыс болды. 2020 жылы күздегі әскери қақтығыстан соң Әзербайжан Таулы Қарабақтың бір бөлігін қайтарып алған. Ал 2023 жылы толық бағындырды. Қарабақта тұратын 100 мыңнан аса армян Арменияға көшкен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алматыда Әзербайжан және Армения келіссөзі жалғасты