15 мамырда Алматының әкімшілік соты феминист белсенділер — Гүлбақыт Өтебай мен Гүлзада Сержанды "рұқсатсыз жиын ұйымдастырды" деп айыптап, екеуіне де 184 мың теңгеден (50 АЕК) айыппұл салды. Олар "әйелін қатыгездікпен өлтірді" деп сотталған экс-министр Бишімбаев үкімінен кейін қала орталығында шеруге шығып, оны өмір бойына соттауды талап еткен.
Фем-белсенділер соты екі уақытта өтті. Гүлзада Сержан процесс кезінде "хаттамаға келіспеймін" деп, "ештеңе ұйымдастырмағанын" айтты. "Шеруге қатыстым, бірақ хаттамада көрсетілгендей, оны ұйымдастырған жоқпын" деді ол.
Гүлбақыт Өтебай да "акцияны ұйымдастырған жоқпын, бірақ ол қаланың қай шетінде болса да, бәрібір шығатын едім" деп мәлімдеді.
Оның адвокаты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі заңға сілтеп, билік өкілдері акцияның заңсыз екенін ескертіп, тарауды сұрағанда ғана белсендінің әрекеті заңсыздық деп саналатынын айтты. Шеру болған жерде құқық қорғау органдарының қызметкерлері жүрген, бірақ олар белсенділерге келіп, ескерту жасамаған.
Адвокат полиция хаттаманы толтырған кезде қателер жібергенін айтты. Біріншісі, шеру өткен күннің уақыты (13 мамырдың орнына 15 мамыр) дұрыс көрсетілмеген, екіншісі, ол акцияны "заңсыз ЛГБТ қозғалысы ұйымдастырды" деп жазған. Адвокат "заңда мұндай қозғалысқа тыйым жоқ" деді.
Сот екі белсендіні Әкімшілік кодекстің 488-бабы 7-бөлігі бойынша айыпты деп таныды. Олар шешімге апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.
14 мамырда Алматы полициясы шеруге қатысқан бірнеше белсендіні ұстаған, Гүлбақыт Өтебай полицейлер өзіне күш қолданғанын хабарлады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сот Бишімбаевты 24 жылға, Байжановты 4 жылға түрме жазасына кесті
13 мамырда Астанадағы сот "әйелін аса қатыгездікпен қинап өлтірді" деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевты 24 жылға бостандығынан айырды. Ал "қылмысты жасырды" деп айыпталған Бақытжан Байжановты 4 жылға соттады. Сол күні кешкісін Алматыдағы феминист белсенділер Бишімбаевқа өмірлік жазаны талап етіп наразылыққа шықты. Олар қаладағы Арбаттан Қазақ ұлттық опера және балет театрына дейін шерулеткен. Бейбіт шеруге шыққандар әкімдікке алдын ала ескерту жібермегенін айтты.
Фем-белсенділер көшеде "Әр қанішер түрмеде шірісін! Әр әйел жалғызым!" деп ұрандатты. Олардың қолында "Фемицидті тоқтат!", "Үнсіздік бізді сақтамады", "Салтанат үшін" деген жазуы бар плакаттар болды.
"Біз ешқандай тәртіп бұзып жатқан жоқпыз. Жай ғана азаматтық позициямызды көрсеттік. Ешкімге кедергі келтірмедік деп ойлаймыз" деді Ақторғын Ақкенжебаласы белсенділердің ұсталғанына байланысты пікір білдіргенде.
- Қазақстан 2020 жылдың мамырында "Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы" жаңа заң қабылдаған. Оған сәйкес, бейбіт жиынды не пикетті ұйымдастырушылар жергілікті атқарушы билікке жиын өтетінін кемі бес жұмыс күн бұрын жазбаша түрде хабарлауы шарт. Құқық қорғаушылар бұл заңды іс жүзінде бейбіт жиын өткізуге жергілікті әкімдіктің рұқсатын алуға міндеттейтін бұрынғы талап сол күйі өзгерген жоқ деп сынаған.