16 мамырға қараған түні Атырау облысы Құлсары қаласында үйлері тасқыннан бұзылған тұрғындар әкімдік алдында қонып шықты. Бұл жөнінде Азаттықтың Атыраудағы тілшісі хабарлады. Олар ғимарат ішінде де ұйықтаған. Далада үш шатыр біріктіріліп тігілген. "Кеше полиция басқа шатыр қойғызбады" дейді тұрғындар.
Тасқынның салдарынан баспанасы бұзылған тұрғындар үйлерінің әрбір шаршы метрі 400 мың теңгеден есептелгенін қалайды. Алайда әкімдік өкілдері 200-240 мың теңгеден есептеледі деп айтқан. Тұрғындар мұнымен келіспейді.
"Ақша керек бізге. Ақшасын қолымызға берсін. Ақша берсе, біз келген жерден саламыз ба, сатып аламыз ба, аламыз. Болды" деді тұрғындардың бірі.
Бұған дейін ақша тек үйлері жөнделетін адамдарға ғана берілетінін, ал үйлері жарамсыз танылған азаматтардың ақшасы құрылыс компаниясына аударылатынын айтқан. Алайда тұрғындар құрылыс компанияларының үйлерді сапалы салатынына сенбейді.
Түнде Атырау облысы мәслихатының төрағасы Мұса Хайруллиев Жылыой әкімдігінің алдында тұрған Құлсары тұрғындарының алдына шығып, халықтың талабы бойынша жауапты талқылауға бір сағат уақыт беруді сұрады.
Хайруллиев "[бір шаршы метрге] 400 мың теңге болмайды" деді. Жұрт оған келіспейтінін айтты.
Құлсарыға облыс әкімінің орынбасары да келген.
Бұған дейін Жылыой ауданының әкімдігі Құлсары тұрғындарына үкімет бекіткен тәртіптен аттап кете алмайтынын, жаңа үй салатын ақша қолға үлестірілмейтінін айтқан.
Үкімет үй салуға құрылыс компаниялары жауапты болатынын, қаражат соларға аударылатынын мәлімдеген.
Ал тұрғындар бір шаршы метр үшін 400 мың теңге төлеуді талап етеді және ақша қолға берілсін не "есепшотымызға аударылсын" дейді.
"Таңертеңгі сағат 6.30-дағы жағдай бойынша, қазір әкімдік алдында ондаған тұрғын бар. Олар талаптары орындалмайынша бұл жерден кетпейтінін айтып отыр. Тұрғындардың сөзінше, түнде мұнда одан да адам көп болған. Кейбірі бұл жерден кетіп қалған. Әкімдіктің айналасында әр жерде полицейлер жүр. Аумақта автобус та байқалды" деді Азаттық тілшісі.
Ақпаратқа қарағанда Құлсарыда тасқыннан 3 мыңға жуық тұрғын үй бұзылған немесе бүлінген. Әкімдіктің хабарлауынша, 570-ке жуық үй апатты жағдайда деп танылған. Бұған дейін билік өкілдері үйлері ішанара бүлінген тұрғындарға ақша берілетінін, ал жарамсыз танылған үй иелеріне үй салып беруге уәде берген. Құлсарыда 66 мың тұрғын тұрады.