Конституциялық сот баласы мектепте оқитын бір топ ата-ананың Қазақстан білім министрінің "Міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы" бұйрығының 13-тармағын "Конституцияға қайшы" деп тануды сұрап берген өтінішін қараудан бас тартты. Балалары басына байлаған орамалға бола мектепке кіре алмай жүрген ата-аналардың қолына Конституциялық соттың жауабы 14 мамырда тиген.
Конституциялық сотқа ата-аналардың өтініші Қарағанды облысының мамандандырылған әкімшілік сотынан келіп түскен. Білім министрлігінің бұйрығын "Конституцияға қайшы" деп тануды сұраған ата-аналар арызын осы әкімшілік сотқа жазған. Ол сот өтінішке байланысты Конституциялық сотқа жүгінгендіктен, ата-аналардың арызын қарауды тоқтата тұрады.
Конституциялық соттың қаулысында көрсетілгендей, ауданаралық әкімшілік сот оқушы таққан орамалды "әйел бас киіміне" жатқызады және соттың пікірінше, білім министрі бұйрығында Конституцияда бекітілген бірқатар норманы бұзу белгілері бар. Алайда Конституциялық сот мәселені қараудан бас тартқан. Конституциялық сот мұнысын соттардың немесе басқа мемлекеттік органдардың құзыретіне жататын мәселелерді анықтаудан, зерттеуден және тексеруден "тартынатындығымен" түсіндірген. Бұған қоса Конституциялық сот әкімшілік соттың "бұйрық шығарған мемлекеттік органның орналасқан жерін, оны жариялаған дерек көзін көрсетпегенін" айтқан. Ата-аналар мен оларға көмектесіп жүрген заңгерлер мұны соттың бұл мәселені қарауға құлықсыздығымен байланыстырады.
– Конституциялық сот бұл мәселенің ақ-қарасын ажыратып берер деген шамалы үмітіміз болған еді, алайда бұл мәселе білім алу құқығына, оны бұзуға қатысты болса да, ол мұны басқа соттардың қарауына берді. Бірақ қазір барлық жауапкершілік әкімшілік сотқа жүктеді. Бұған дейін облыстық сот орта білім алуға кедергі келтіруге қатысты заң бұзуға жол бермеу туралы төрт жеке ұйғарым шығарған. Осыдан бір апта бұрын АҚШ мемлекеттік департаменті діни сенім бостандығы бұзылып отырғаны жөнінде ұстанымын жариялап, Қазақстанға діни наным-сеніміне, орамалға бола білім алу құқығын шектеген дұрыс емес екенін атап көрсеткені маңызды, – дейді құқық қорғаушы Жасұлан Айтмағанбетов Азаттыққа.
Қазіргі уақытта Қазақстан соттарында мектеп әкімшіліктерінің орамал тартқан қыздарды сабаққа кіргізбеу жөніндегі іс-әрекеттерін заңсыз деп тануды сұраған адамдардан түскен 13 талап арыз бар —Қарағанды облысында он талап арыз және Алматы, Павлодар мен Түркістан облыстарында бір-бірден. Ол соттар Конституциялық сотқа жүгінгендіктен, олардың талап-арызын қарау байланысты уақытша тоқтап тұр.
Биыл Қарағанды облыстық соты білім бөлімдерінің атына жеке ұйғарымдар шығарған, сол кезде сот оқушыны мектеп формасына қойылатын талапты бұзғаны үшін оқу процесіне орамал таққан күйі кіргізбеу ол балалардың "Конституцияда кепілдік берілген құқығын бұзуға" жататынын анықтаған. Бірақ мәселе әлі шешілген жоқ дейді ата-аналар.
– Сот Қарағанды қалалық білім бөлімі атына төрт жеке қаулы шығарды. Бірақ осы қаулыға сәйкес мектеп директорларын жауапқа тартты ма, жоқ па, оны әзірге біле алмай отырмыз. Мен де Ұйғыр ауданындағы мәселе бойынша Алматы облыстық сотына арызданғам, аудандық білім бөлімі ауылдық округтегі мектеп директоры мен меңгерушісін оқушыны сабаққа кіргізбегені үшін жазалады, — деді отбасыларға бала құқығын қорғауға көмектесіп жүрген заңгер Махамбет Сұңғат Азаттыққа.
Қазақстан зайырлы мемлекет екенін алға тартып, мектептегі діни нышан-белгілерге тыйым енгізген жалғыз ел емес. Діни киімге бола оқудан шеттетілген балалардың ата-аналары перзенттерін сабаққа қатыстырмауды және қыздарын орамал таққанына бола оқудан шығаруды заңсыз деп тануды талап етіп сотқа жүгінген. Талап арызында олар мектептің ішкі тәртіп ережелерінде діни сипаттағы киімдерге хиджаб, никаб және пәренже жатады деп көрсетілгенін, олардың арасын ақ орамал екенін алға тартқан. Қазіргі оқу-ағарту министрлігінің бұйрығында нақты киім элементтері туралы ештеңе айтылмайды. Бірақ салалық ведомствода ақ орамалды хиджабқа теңестірген, бұған ата-аналар келіспейді.