15 мамырда Семейде жергілікті белсенді Нұржан Сембаевты полицияға шақыртты. Сембаев мұны Маралдыда алтын фабрикасын салуға қарсы шыққан ауыл тұрғындарын қолдап, плакатпен суретке түспек болған ниетімен байланыстырады.
— Үйімнен шыққанда [полиция] шақыру қағазын алып келді. Олар Қаңтар ісін қайта бастапты, мен куә ретінде баруым керек болды, — дейді белсенді. — Қолымда Маралды [тұрғындарын] қолдауға арналған плакаттар болды. Оларды ұстап табиғатта суретке түскім келген. Плакаттар мен телефонымды үйдің жанындағы дүкенге қалдырдым, полиция қызметкерлері оны көрді. Мен кеткенде олар дүкенге кіріп, плакаттарды алып кеткен. Олар туралы ешқандай сұрақ қоймады, — деді ол Азаттыққа.
Полиция Нұржан Сембаевқа шақыру қағазын шамамен түскі сағат бірде ұстатқан. Онда Сембаев қылмыстық іске куә ретінде қатысуға учаскеге полиция келген уақытта баруға тиіс екені жазылған. Құжатта "шақыру бойынша келмесе, оның салдары", яғни бармау себебі еш дәлелсіз болса, күштеп әкететіні көрсетілген.
Сембаевтың айтуынша, одан жауап алу алты сағатқа созылған.
— Олар қулық жасады. Басында мені үш сағаттан кейін босатып, үйге апара жатты. Жолда айналып жүрді де, тағы сұрақтар бар деп қайта алып кетті. Тағы үш сағат ұстады, — дейді Сембаев.
Белсендінің сөзінше, олар 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде тергелген кезіндегі сұрақтарды қайталаған.
Нұржан Сембаевтың айтуынша, полиция оның плакаттармен суретке түсетінін алдын ала біліп қойған болуы мүмкін, белсенді шақыру қағазын осымен байланыстырады. Жұма, 17 мамырда 71 жасқа толған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күніне дейін полиция бірнеше белсендіге барды.
Кейінгі бірнеше күнде полиция күзеті күшейгені туралы ресми хабарламалар болған жоқ.
Семей полициясының орталық бөлімшесінде Азаттық тілішісінің қоңырауларына ешкім жауап бермеді. Полиция басқармасының баспасөз хатшысы "жағдайды қарастыруға" уәде берді.
Маралды ауылының іргесінде алтын өндіретін фабрика құрылысы 2022 жылы басталған. Тұрғындар содан бері кәсіпорынның алтын кенін ашық әдіспен қазып алып, цианид қоспасымен шаятынына наразы болып келеді. Бұл әдіс табиғатқа зиян келтіріп, өзен мен ауызсуды ластауы мүмкін дегенді айтады. Тәуелсіз экологтар да фабриканың таулы жерде салынуы "қауіпті" екенін, көктемде қар суымен залалды заттар өзенді ластауы мүмкін екенін айтқан.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі "фабрика салынуын салалық министрліктер мақұлдап, өндіріс қоршаған орта үшін қауіпсіз деген қорытындылар берген" дейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Маралды халқы алтын өндірісіне неге қарсы?