Ресейде қамалған кемінде үш қазақстандықтың ата-анасы 17 мамырда Астанада сыртқы істер министрлігіне қарасты консулдық қызмет департаментіне барды. Олардың барлығы – Шымкент тұрғындары. Алайда жиналғандар департамент жетекшісімен кездесе алмады. Ата-аналармен бірге министрлікке барған адвокат Мейірман Шәкеевтің сөзінше, департамент өкілдері басшылық жоғын айтқан.
Адвокаттың сөзінше, Ресейде ұсталған ондаған қазақстандық әлі сол жақта қамауда отыр. Тек бірнеше тұтқын ғана Қазақстан жағына тапсырылған. Олар осындағы түрмелерде жазасын өтейді.
Мейірман Шәкеевтің айтуынша, оның қолында 34 кейс бар. Тұтқындардың кемі үшеуі – қыз бала. Кемінде бір адам қамалған сәтте 18-ге толмаған.
"Өкінішке қарай, жуырда тағы үш баламыздың ұсталғаны жөнінде ақпарат түсті. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр" деді адвокат.
Шәкеев қазақстандық жігіттердің Ресейге ағылып жатқанын, түрмеге кесілгендерінің саны артып жатқанын айтып, бұған бірінші кезекте Қазақстан билігі назар аударуға тиіс деді.
"Мемлекеттік органдардың кешенді түрде тіке араласуынсыз бұл мәселе шешілмейді. Себебі қазір жас жігіттеріміз кетіп жатыр, бірінен соң бірі түрмелерге түсіп жатыр. Қазір 35 балаға айып тағылған" деді адвокат.
Сәуір айында бірнеше ата-ана Қазақстан бас прокуратурасына барып, балаларын елге қайтаруға көмектесулерін талап еткен. Ата-аналар "Ресейде балаларымызды күштеп соғысқа аттандыруы мүмкін" деген қауіп те айтқан. 2023 жылы Ресей президенті Владимир Путин тұтқындарды келісімшарт бойынша әскерге алу туралы заңға қол қойған. Бірақ Ресейде тұтқындарды соғысқа тарту процесі 2022 жылы жазда басталған.
Жұма күні бас прокуратураға келген ата-аналардың айтуынша, олардың балалары көрші елде "есірткі қылмысы" бойынша 10 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылған. Көбімен байланыс үзілген.
29 сәуірде Астанадағы брифинг кезінде Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Ресей түрмелерінде жазасын өтеп жатқан немесе тергеліп жатқан Қазақстанның бірде бір азаматы соғысқа әкетілген жоқ деп айтқан.
"100 пайыз бұған кепілдік бере аламын" деді Смадияров. Дегенмен ол "қателесіп соғысқа аттандырыла жаздаған" ондаған қазақстандық туралы айтқан.
"Қазақстанның он шақты азаматының тергеліп жатқаны жөнінде фактілер бар. Бірақ біздің мәліметімізше, олар телеграм-арналардан, әлеуметтік желілерден жұмыс тапқан" деді Смадияров. Оның сөзінше, олармен қазақстандық консул кездесіп, құқықтық көмек көрсетіп жатыр.