Құқық қорғаушылар Қазақстанда қамауға алынған ресейлік офицердің тағдырына алаңдайды.
Ресей әскерінде келісім-шартпен жұмыс істеген Камиль Касимов былтыр маусымда Қазақстанға қашып келген. 23 жастағы жігіт мұны өзін "Украинадағы соғысқа алып кете ме" деген қорқынышпен түсіндірген. Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат алып, осы күнге дейін Астанада жұмыс істеп жүрген. Көп ұзамай жанына туған ағасы да келіп, бірге тұрып жатқан.
Биыл 23 сәуірде Касимовтың жұмысына төрт адам келіп, оны Приозерскідегі Ресейге тиесілі әскери бөлімшеге алып кеткен. Құқық қорғаушылардың сөзінше, Касимовқа Ресей Қылмыстық кодексінің 338-бабының 3-тармағы яғни, «әскери қызметтен жалтару мақсатында бөлiмдi немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету» бабы бойынша айып тағылған.
- Егер ол Ресейге қайтарылса, сотталады. 338-баптың үшінші тармағында жеті жылдан он жылға дейінгі жаза қарастырылған. 10 жылға сотталуы әбден мүмкін. Дегенмен қазір Ресей билігі сотталғандарды соғысқа баруға үгіттеп жатыр. Тұтқындардан құрылған «шторм Z», «шторм V» деген отрядтарға жіберіп, қолына автомат ұстатып, «бар, позицияларға басып кір» дейді. Ондайлардың өмірі тым қысқа. Камиль мұны түсінді, сондықтан Қазақстан қашып келіп, бейбіт өмірді қалады, - деді Азатыққа Адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының заңгері Артур Алхастов.
Алхастовтың сөзінше, өткен аптада Касимов ағасына Приозерскіден хабарласып, тергеуші сұрақтарына жауап беруін өтінген. Бюро Камильдің ағасына адвокат берген. Алайда ағасына келген тергеуші «қазақстандық адвокаттың Ресей азаматының құқығын қорғауға құқығы жоқ» деген.
Қазір Камиль Касимовтың өзімен еш байланыс жоқ. Оның адвокаты бар ма, ол қамауда ма – белгісіз. Құқық қорғаушылар, енді оны Ресейге заңсыз алып кетіп, соттап жібере ме деп алаңдап отыр.
– Бұған дейін де Қазақстан билігі ресейлік қашқындарды ұстаған. Бірақ бұл бап экстрадицилауға жатпайтындықтан, оларды босатуға тура келген. Өйткені бұл әскери қылмыс. Бізде заңнамада бұған қатысты норма бар (Қылмыстық процессуалдық кодекстің 590-бабының 9-тармағы). Мұндай адмадарды босату керек, - дейді заңгер.
17 мамырда Азаттық Камиль Касимовқа қатысты істің мән-жайын білу үшін Приозерскідегі әскери тергеу бөліміне хабарласты. Кезекші бөлім қызметкері сұрақты естіген соң "бұл істі жүргізіп жатқан бөлім бастының орынбасарының нөмерін берейін" деді. Ал әскери тергеу бөлімі бастығының орынбасары Алексей Прилепский "журналистермен сөйлесу міндетіме кірмейді" деп тұтқаны қоя салды.
Бүгін, 17 мамырда құқық қорғаушылар Касимовтың атынан босқын мәртебесін алу туралы өтініш жазған. Бұған дейін оның қудалауға түскенін дәлелдейтін қылмыстық іс я оны іздеуге жарияланғаны жайлы ақпарат болмаған.