Ресей Финляндия, Эстония және Литвамен Балтық теңізіндегі шекарасын кеңейтуді жоспарлап отыр. Мұны үкіметтің қаулысынан көруге болады. Құжатты қорғаныс министрлігі дайындаған.
Балтық, Зеленоградск және Фин бұғазының шығыс бөлігінде шекараны өзгерту тиісті акваторияны Ресейдің ішкі теңіз суы ретінде пайдалануға мүмкіндік береді деп жазылған құжатта.
Ресей сонымен бірге Фин бұғазындағы бірнеше арал аумағы мен Нарва өзенінің солтүстік кіреберіс мүйісі маңындағы шекара координаттарын түзетуді көздеп отыр.
Үкімет қаулысының қосымшасына сүйенген The Moscow Times басылымы Литвамен шекарада Курш және Балтық шұңқыры сондай-ақ Таран мүйісі аумағы қайта қаралды деп жазды.
Жоба авторларының айтуынша, 1985 жылы орнатылған географиялық координаттар "қазіргі географиялық жағдайға толық сәйкес келе бермейді".
Орындар 20-ғасырдың ортасындағы еңбектерден құрастырылған масштабы шағын теңіз навигациялық карталары арқылы белгіленген, ал бұл Ресейдің ішкі теңіз суларының сыртқы шекарасын анықтауға мүмкіндік бермейді, деп жазылған құжатта. Заңға сәйкес аумақ суы кеңейген сайын олардың төбесіндегі әуе кеңістігі де кеңейеді.
Финляндия сыртқы істер министрлігі Ресей БҰҰ-ның теңіз құқығы туралы конвенциясын басшылыққа алады деп үміттенетінін жеткізді. Литва сыртқы істер министрлігі Ресейдің шекараны өзгерту жоспарын "НАТО мен ЕО-ға қарсы жағдайды ушықтыру" деп атап, Батыс елдер Мәскеуге "қатаң жауап қайыруы керек" деді. Эстония әзірге түсініктеме берген жоқ.