Грузия билігі "Шетел агенті туралы" заңды қабылдаса,Еуроодаққа мүше төрт мемлекет – Эстония, Нидерланды, Чехия және Швеция Грузиямен визасыз режимнің күшін жояды. Бұл жөнінде дереккөзге сүйенген Financial Times жазды.
Еуропа елдері "грузин үкіметіне қысым көрсетудің" түрлі амалдарын қарастырып жатыр деді жағдайдан хабары бар шенеунік басылымға. Шектеу шаралары арасында санкция мен Еуроодақ қорларынан қаржы бөлуді тоқтату сияқты шаралар бар. Идея авторлары бұл мәселені ЕО-ның сыртқы істер министрлерінің келесі аптадағы кездесуі кезінде талқылағасы келеді.
Еуроодақтың барлық 27 елі келісім берсе ғана мұндай шешім қабылданады. The Financial Times ақпараты бойынша, кем дегенде бір ел – Венгрия – Грузия үкіметін қолдап, ЕО-ның басқа елдеріне сондай шешім шығаруды ұсынады.
Бұған дейін Еурокомиссия Грузия билігін "Шетел ықпалының ашықтығы туралы" заңды қабылдаудан бас тартуға шақырған. Сыншылар аталған құжатты Ресейдің "шетел агенті туралы" репрессиялық заңының аналогы деп атайды. Еурокомиссия бұл шешім "Грузияның Еуропадағы болашағына теріс әсер ететінін" айтқан, себебі заң жобасы азаматтық қоғамға нұқсан келтіреді және баспасөз бостандығына қауіп төндіреді.
Былтыр Грузия Еуроодаққа қосылу бойынша үміткер мәртебесін алған, бірақ келіссөздер әлі басталған жоқ.
Осыған дейін АҚШ та Грузияны заңнан бас тартуға шақырып, аталған құжат қабылданса, миллиондаған долларлық көмек көрсету бағдарламаларын қайта қарауға мәжбүр болатынын және наразыларды қудалағандарға санкция салатынын ескерткен. Заң жобасының авторы "Грузин арманы" халықаралық қысымды айыптады.
14 аптада грузин парламенті "шетел агенті туралы" заңды үшінші оқылымда мақұлдаған. Грузия президенті Саломе Зурабишвили оған вето қойды. Дегенмен "Грузин арманы" ветоны парламенттегі көп дауыспен еңсере алады.
Заңның бірінші оқылымынан бастап елде оған қарсылық күшті болып жатыр. Заңды Ресейдің осыған ұқсас заңына теңеген наразы топтар бұл құжат елдің Еуропа одағымен интеграциясына кері әсер етеді деп санап, қарсылық көрсетіп келеді. Наразылық кезінде жұрт полициямен қақтығысып та қалды: полиция оларға күш қолданып, наразыларды ұстаған.