Адвокат: Белсенді Айдар Сыздықов "есірткі сату" күдігімен екі айға қамалды

Арнайы жасақ құқық қорғаушы Айдар Сыздықовты әкетіп бара жатыр. Астана, 16 мамыр, 2024 жыл. Видеодан скриншот.

Белсенді Айдар Сыздықов "есірткі күдігімен" екі айға қамалды. Бұл жөнінде адвокаты Мейіржан Досқараев хабарлады.

Адвокаттың сөзінше, оның ұсталуына қатысты құжатта "Сыздықов есірткі сатты" деген мекенжай әртүрлі көрсетілген. Бұған қоса, одан "3,9 грамм есірткі сатып алдым" деген Иванов есімді кісі ақшаны Сыздықовтың банк картасына аударғанын айтқан.

Адвокат мұны жала деп есептейді. Айтуынша, Сыздықов 2021 жылы "экстремистік ұйымның жұмысына қатысты" деген айыппен үш жылға бостандығы шектелген, сол кезде банк карталары бұғатталған.

– Айдар Сыздықов 2021 жылы 405-баптың 1-2-тармағы бойынша сотты болып, бостандығы үш жылға шектелді. Қаржы мониторинг агенттігі оның жеке сәйкестіндіру нөмірін бұғаттаған. Содан кейін ол автоматты түрде банк картасын аша алмайды, біреуге сенім хат та бере алмайды. Мұны саяси қудалау деп есептеймін, – деді адвокат.

16 мамырда Астанада Сыздықовты қауіпсіздік қызметкерлері ұстаған. Сыздықовтың ұсталуына қатысты күштік құрылымдар әзірге түсініктеме бермеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Астанада белсенді Айдар Сыздықовты арнайы жасақ ұстап әкетті

Ақпаратқа қарағанда, Сыздықовтың ісі аясында белсенді Асанәлі Сүйібаев та ұсталған. Құқық қорғаушылардың жазуынша, оны да Астана соты екі айға қамаған.

Белсенді Айдар Сыздықов бірнеше рет бейбіт наразылық акцияларына қатысқан. Сол үшін талай әкімшілік жазаға тартылған.

Былтыр 6 желтоқсанда Астанада Айдар Сыздықов тағы екі белсендімен бірге ұсталып, полицияға жеткізілген. Жақтастары полицияның оларға күш қолданғанын, нәтижесінде Айдар Сыздықовтың зардап шеккенін айтқан. Кейін сот үш белсендіні 15 күнге қамаған. Биыл оппозицияның ықтимал митингілері қарсаңында билік Айдар Сыздықовты кемінде екі рет 15 күннен әкімшілік іспен қамаған.